Қазақстанда қандай мамандық иелері миллионға жуық жалақы алады?

Жарияланды 12 Тамыз 2025 14:11

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөзден

2025 жылдың ІІ тоқсанындағы дерек бойынша, Қазақстандағы орташа айлық жалақы 448 620 теңгені құрады. Ал медианалық жалақы көлемі 316 мың теңге болды. Бұл былтырғы кезеңмен есептегенде 11,3%-ға өскен.

Жалақы, әсіресе, Астанада (15,4%), Алматыда (15,3%), Алматы облысында (14,6%) және Қарағанды облысында (14,0%) ең көп өскен.

Миллион жалақы алатын мамандықтар

Ай сайынғы ең жоғары жалақысы бар салалар қатарында құбыр арқылы тасымалдау қызметі (1,06 млн теңге), теңіз және жағалау жүк тасымалы (1,13 млн теңге), әуе жолаушылар тасымалы (1,04 млн теңге), компьютерлік бағдарламалау (1,24 млн теңге), сақтандыру (1,33 млн теңге), ірі компанияларға басқару мәселелері бойынша кеңес беру (1,25 млн теңге) салаларын атап өтеді.

Жалақысы 500 мыңнан аз мамандық иелері

Теміржол арқылы жүк тасымалдау саласында жұмыс істейтін қазақстандықтардың айлық жалақысы 627,4 мың теңге. Баспа ісі мен телекоммуникация саласында бұл көрсеткіш тиісінше 641,9 мың және 671,8 мың теңге. Қаржы саласындағылардың орташа айлығы 894 мың теңгеден асады, ал бухгалтерлер 674,2 мың теңге алады.

Архитекторлардың номиналды жалақысы 598,7 мың теңге, маркетинг саласындағылардікі – 583,9 мың теңге, құрылыс саласында – 490 мың теңге, туроператорлардікі – 590,2 мың теңге.

Білім беру және денсаулық сақтау салаларында номиналды жалақы орта есеппен 373,8 мың және 339,6 мың теңге деңгейінде.

Сумен жабдықтау, су бұру, ластануды жою бойынша қызмет саласындағы мамандар 311 мың теңге, ауыл, орман және балық шаруашылығы 310 мың теңге жалақы алады.

Айта кетейік, келесі жылы мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлерінің жалақысы өседі.

Сондай-ақ оқыңыз