
Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салуға арналған «Росатомның» жеңілдетілген экспорттық қаржыландыруы ядролық реактор мен өзге де жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ негізгі құрылыс жұмыстарына жұмсалмақ. Бұл туралы «Курсивке» Атом энергиясы агенттігінен (АЭА) хабарлады.
«Жобаның қазіргі қаржылай моделінде Ресей Федерациясынан жеңілдетілген экспорттық қаржыландыру тарту қарастырылған. Бұл жоғары технологиялық жабдықтарды пайдаланатын ірі инфрақұрылым жобаларды жүзеге асыру кезінде қолданылатын қалыпты тәжірибе. Экспорттық несие қаржысы жобадағы маңызды құрамаларға, оның ішінде реакторға, бу генераторына, циркулдық сорғыларға, сондай-ақ құрылыс жобаларына бағытталған», – деп жазылған агенттік жауабында.
Агенттік мәліметінше, бұл қаржыландыру Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылы маңында қуаты 2,4 ГВт болатын екі блокты АЭС-ті салу және іске қосу бойынша негізгі мерзімдерді сақтауға мүмкіндік береді. Ал қаржыландырудың нақты шарттары мен параметрлері үкіметаралық келісім әзірлеу кезінде айқындалады.
АЭС құрылысын салу жауапкершілігі «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы – «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-іне (ҚАЭС) жүктелген. Бұл компания 2025 жылғы шілдеде Атом энергиясы агенттігінің сенімгерлік басқаруына берілді. Ведомство қазір ҚАЭС үлесін «Самұрық-Қазынадан» республикалық меншікке өткізу рәсімі жүріп жатқанын атап өтті. Кейін ҚАЭС салалық агенттіктің қарамағына өтеді.
Сонымен қатар, Атом энергиясы агенттігі екінші және үшінші АЭС-тің орналасу нұсқаларын пысықтап жатыр.
Болашақ АЭС үшін ядролық отын қайдан алынады?
Агенттік мәліметінше, АЭС үшін қажет ядролық отын республика ішінде өндіріледі.
«Үлбі» зауыты төмен байытылған уранға шаққанда 200 тонна отын өндіру бойынша жобалық қуатына шықты. Бұл көлем алты ядролық реакторды қайта жүктеуге қажетті мөлшерге тең. 200 тонна дайын отын алу үшін шамамен 1600 тонна табиғи уран қажет», – деп жазылған агенттік хабарламасында.
Қазір Атом энергиясы агенттігі «Қазатомөнеркәсібімен» бірігіп, Қазақстандағы АЭС-ті қажетті ресурспен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жаңа АЭС-ке қажетті уранды тұтыну көлемі реактордың типі мен қуаты арқылы анықталады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда уранды конверсиялау және байыту қуаттары жоқ. Дегенмен, республика билігі ол өндірісті де игеріп, уран өндіруден бастап дайын ядролық отын шығаруға дейінгі толық өндірістік циклге қол жеткізуді көздеп отыр.
Осы жылы 2025 жылы 8 тамызда ресми түрде Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы басталды. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы АЭС-ке үздік атау табу үшін байқау жариялауды ұсынды.