
2025 жылғы шілде айында Қазақстанның жеті азаматы «террористік қылмыс жасағаны үшін» сотталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі хабарлайды.
Комитет мәліметінше, Түркістан қаласының соты жергілікті бір тұрғынды 8 жылға соттау жөнінде шешім шығарды. Ол «шетелдегі террористік ұйымның қызметіне қатысты» деп айыпталды.
«Бұған дейін ол шетел аумағында ұсталып, арнайы күзетпен Қазақстанға депортацияланған», – деп хабарлайды ҰҚК.
Сонымен бірге, Алматы облысының түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан бір азамат 9 жылға бас бостандығынан айрылған. Комитет оны «радикалды идеологияның жақтаушысы» деп сипаттады. Ол «кісі өлтіруге әрекеттенгені және терроризмді насихаттағаны үшін» сотталған.
Бұған қоса, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарының, Алматы және Астана қалаларының соттары бес азаматты 4 жылдан 8 жылға дейін соттады. Олардың бәрі «терроризмді насихаттап, шетелдегі соғыс қимылдары аймақтарына шығуға әрекеттенгені үшін» істі болған.
ҰҚК сотталғандардың аты-жөнін, қылмыстық істердегі радикал ұйымдардың атын атамады.
Осының алдында ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаев экстремистік ұйымдардың ел азаматтарын радикал идеологияға тартуы толастамай тұрғанын айтқан.
Естеріңізге сала кетейік, шамамен бір ай бұрын Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған ер адам 11 жылға сотталған.