
Алматы қаласында әнші Дженнифер Лопес концертіне жалған билет сатқан күдікті ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің сайтында хабарланды.
Құзырлы мекеме мәліметінше, Алматы полициясы эстрада жұлдызы Дженнифер Лопестің 10 тамыздағы концертіне жалған билет сатқан ер азаматты қолға түсірді.
«Тергеу барысында күдіктінің интернет-платформалардың бірінде хабарландыру жариялап, концертке екі жалған билет сатқандығы белгілі болды», – деп хабарлайды polisia.kz.

«Заң мен тәртіп» қағидаты бізден мұндай деректерге жедел әрекет етуді талап етеді. Азаматтардың ақшасын алдау жолымен иемденуге тырысқан адамдар анықталып, жауапкершілікке тартылады», – деді қала полициясының өкілі Еркебұлан Қойшыбаев.
Полиция ауқымда шараларға арналған билеттерді ресми сайттардан немесе сенімді кассалардан сатып алуға кеңес береді.
Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.
Джей Ло концертіне билет 40 мың теңгеден басталып, 180 мың теңгеге дейін барды. Күдікті жалған билеттерді нақты қаншаға саудалағаны белгісіз.
Естеріңізге сала кетейік, 10 тамызда Алматының Орталық стадионында Дженнифер Лопестің Up All Night әлемдік туры аясындағы жеке концерті өтті. Бұл кешке 20 мыңнан астам көрермен жиналды. Мегаполиске әлемнің 35-тен аса елінен келген 8 мың турист келді.