Қазақстан экономикасы жеті айда 6,3%-ға көтерілді

2025 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6,3%-ға өсті. Ұлттық статистика бюросының қаңтар-шілде айларына арналған мәліметтерін Экономика министрлігінің баспасөз қызметі таратты.
Жыл басынан бері тауар өндіру көлемі 8,3%-ға, қызмет көрсету 5,2%-ға (әсіресе көлік пен сауда), ал өнеркәсіп 6,9%-ға артты. ЖІӨ-нің өсуіне ең көп үлес қосқан салалар: көлік және қойма – 22,5%, құрылыс – 18,5%, көтерме және бөлшек сауда – 8,6%, тау-кен өнеркәсібі – 8,5%, өңдеу өнеркәсібі – 6,1%.

Көлік және қойма саласындағы қызмет көлемі 22,5%-ға өсті. Бұған теміржол, құбыр желілері және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемінің жоғары болуы әсер етті.

Құрылыс көрсеткіштері көтерілді
Құрылыс саласында жұмыс көлемі 18,5%-ға артты. Түркістан облысында (+34,6%) мектептер, теміржол желілері және автожолдар құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ақтөбе облысында (+25,6%) жайлы мектептер құрылысы мен жолдарды жөндеу қолға алынды. Жамбыл (+13,1%) және Шығыс Қазақстан облыстарында (+5,9%) тұрғын үйлер, медициналық нысандар және электр желілерін салу жобаларын жүзеге асып жатыр.

Қазақстанда сауда 8,6%-ға өсті. Атап айтқанда, көтерме сауда 9,5%-ға көтеріліп, жалпы өсімнің 66%-дан астамын қамтыды. Бөлшек сауда 6,6%-ға артты. Айтарлықтай динамика Қостанай облысында (+17,6%), Солтүстік Қазақстан облысында (+12%) және Астанада (+9,2%) байқалды. Мұнда астық, агрохимия, азық-түлік, отын, фармацевтика өнімдерін және техника сату көрсеткіштері қарқынды түрде өсіп келеді.

Өнеркәсіп өндірісіндегі өсім – 6,9%. Еліміздің барлық өңірінде өсім байқалды. Динамика бойынша көшбасшылар – Жамбыл облысы (+18,2%), Солтүстік Қазақстан облысы (+14,9%), Шымкент (+15,8%) және Алматы (+13,5%), Түркістан облысы (+12,3%).
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсімді (6,1%) машина жасау (+14%), азық-түлік (+9,2%), мұнай өнімдері (+8,6%), химия өнеркәсібі (+6%) және металлургия (+1,3%) көрсетіп отыр.
Ауыл, орман және балық шаруашылықтарындағы өндіріс көлемі 3,7% деңгейінде сақталды. Мал шаруашылығындағы өсім сүт (+6,1%), мал, құс бордақылау (+2,1%) және жұмыртқа (+0,9%) есебінен 3,4%-ға жетті.
2024 жылы Қазақстан экономикасы 5% өсім көрсеткен. Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында республикада кейінгі 14 жылдағы ең жоғары өсім тіркелген.