Қара белбеу таққан президент Тоқаев тақтай сындырды (видео)

Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының басшысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тоғызыншы данды білдіретін қара белбеу табыстады. Мемлекет басшысы, шығыс жекпе-жегі дәстүріне сай, тақтай сындырды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
12 тамызда мемлекет басшысы Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоуды қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев осы кездесуді Қазақстанның спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға деп сипаттады.
«Мемлекет басшысы таеквондо олимпиадалық спорт түрі ғана емес, үйлесім, тәртіп және өзара құрмет қағидаттарына негізделген, дүние жүзіндегі миллиондаған адамды біріктіретін философия деп санайды», – деп жазды Ақорда.
Президенттің айтуынша, Астанада G1 санатындағы Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтинг турнирін өткізу отандық спортшылардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жол ашады.
Чунгвон Чоу қонақжайлық танытып, Қазақстанда таеквондоның дамуына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Тоқаевқа алғыс айтты.
Президент жаттығу тақтайшасына қолтаңба қалдырды. Сонымен бірге, Чунгвон Чоудың өтінішімен, таеквондо дәстүріне сай тақтайды сындырды.
Бүкіләлемдік федерация басшысы турнирдің ұйымдастырылуына және еліміздегі осы спорт түріне қызығушылық деңгейіне жоғары баға берді.
Kazakhstan Open 2025 жарысы 13 тамызда Астана қаласында салтанатты түрде ашылады.