Жаңалықтар

Тікұшақ апаты: Сорбұлақта үшінші офицердің денесі табылды

Коллаж: Kursiv.Media
ЕС-145 тікұшағы апатынан қаза тапқан офицерлер / коллаж: Kursiv.Media

12 тамызда Алматы облысындағы Сорбұлақта, су асты іздестіру жұмыстары барысында тікұшақ экипажының үшінші мүшесінің денесі табылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, сейсенбі, 12 тамыз күні экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Амангелдінің денесі табылды.

Естеріңізге сала кетейік, 9 тамызда экипаж командирі майор Нұржігіт Үйсінбаевтың, ал ертесіне авиациялық эскадрилья авиациялық буынының борт технигі капитан Бақтияр Ержігітовтің мәйіті су астынан шығарылған. 10 тамызда Үйсінбаев Түркістан облысы Төле би ауданы Сұлтанрабат ауылына жерленді.

Тікұшақ апатынан қаза тапқан офицерлер

Қаза тапқан ұшқыштардың үшеуі де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі. Қорғаныс министрлігі марқұмдардың әрқайсына қысқаша сипаттама беріп өтті.

Нұржігіт Үйсінбаев эскадрилья командирінің (армиялық авиация) тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары болды. 1-сыныпты ұшқыштың EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі айтарлықтай, жалпы ұшу уақыты – 930 сағат.

«Жоғары кәсіби дайындығымен, жауапкершілігімен, бастамашылдығымен және әскери борышына адалдығымен ерекшеленген ол әріптестері мен қолбасшылық арасында зор құрметке ие болған», – деп сипаттады әріптестері.

Аман Амангелді – тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат.

Бақтияр Ержігітов – 1-сыныпты маманның EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі жеткілікті, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Авиациялық бөлімдерде көп жылдық тәжірибе жинақтаған жоғары білікті маман, бейіндік дайындықтан өткен.

Министрлік мәліметінше, тікұшақ құлаған аумақты зерттеу әлі аяқталған жоқ. Мұнда тікұшақ бөліктерін анықтау және жағаға шығару жұмыстары жүріп жатыр.

Бұған қоса, апаттың себептерін анықтау үшін тергеу амалдары қолға алынды.

Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінің басшылығы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оларға көмек көрсетілетін мәлімдеді.

ЕС-145 әскери тікұшағы 25 шілде күні радардан жоғалып, байланыстан шыққан. Оның бортында үш экипаж мүшесі болған. Кейін әскери техниканың Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасына құлағаны анықталған.