
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда нәтижесінде 1 АҚШ доллары 542,29 теңге болды. Ұлттық валюта бір тәулікте 0,49 теңгеге нығайды. Ақша айырбастау мекемелерінде доллар 546 теңгеден сатылып жатыр.
12 тамызда KASE-де валюта саудасы қыза түсті. Түскі сағат 15.30-дағы мәлімет бойынша, шамамен 122 млрд теңгеге, яғни 224 млн долларға валюта саудаланды. Бұл – күнделікті көрсеткіштен әжептәуір жоғары. Мысалы, бір күн бұрын биржа жабылғанға дейін барлығы 173,3 млн долларға сауда жасалған.
Ұлттық банк (ҰБ) валюта саудасына араласып, тағы да интервенция жасады деуге әзірге негіз жоқ. Өйткені шілденің аяғында ҰБ 125,6 млн доллар сатқан күні қордағы валюта саудасының көлемі 400 млн доллардан асып кеткен еді. Соған қарағанда, орталық банк доллардың өсуін тежеуін басқа әдісіне жүгінген секілді.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв бағамға қатысты пікірін FINANCE.kz телеграм-арнасына жариялады.
«Бүгін бір доллар 544,01 теңге (11 тамыздағы бағам – ред.) болды. Соған қарағанда, валютаны экспорттаушыларды мәжбүрлеу арқылы нығайтудың ескі әдісі нәтиже бермеген сыңайлы. Біз құнсызданып барамыз. Бір ресейлік рубль 6,85 теңгеден сатылып жатыр. Рубльге жеті теңгеден төлейтін күн алыс емес секілді», – деп жазды маман.
Қалай дегенмен, сейсенбі күні ұлттық валюта құнын жоғалта қоймады. Бірақ төл теңгенің долларға шаққандағы бағамы айтарлықтай нығайған да жоқ.
Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер бір долларды 541 теңге шамасында саудалады. Ақша айырбастау мекемелері болса АҚШ валютасын 546 теңгеден сатып жатыр.
Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматы қаласындағы ақша айырбастау пунктерінде 1 доллар 542 теңгеден қабылданып, 543,5 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласында, әдеттегідей, бағам әжептәуір жоғары – 539 және 546 теңге.