Мектеп асханаларындағы мәзірде қант пен тұздың мөлшері азаяды

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде тамақтандырудың жаңа стандарты бекітіледі. Енді мектеп асханаларындағы ас мәзірінің қауіпсіздік талаптарын Денсаулық сақтау басқармалары қадағалайтын болады. Бұл жайында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Ведомство басшысы оқушыларды тамақтандыруға қатысты өзгерістер қабылданғанын атап өтті.
«Жаңа оқу жылынан бастап бірқатар оң өзгерістер қабылданды. Мәселен, білім ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастырудың жаңа стандарты бекітілді, мәзір әзірлеу құзыреті білім басқармаларынан денсаулық сақтау басқармаларына өтті, тағамды дайындау барысын қадағалау міндеті мектептердегі медицина қызметкеріне жүктелді»,– деп мәлімдеді министр.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да 1 қыркүйектен бастап мектептерде ас мәзірінің жасалуы мен тамақ дайындау үдерісіне медициналық қызметкерлер бақылау жүргізетінін айтады.
«Білім беру ұйымдарында дұрыс тамақтануға қатысты заманауи халықаралық талаптар ескерілген жаңа тамақтану стандарты енгізіледі. Онда рациондағы қант мөлшерін 3,6 есеге, тұзды – 5 есеге азайту, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыру қарастырылған», – деді министр.
Оның айтуынша, бақылау жүргізу өкілеттігін медицина қызметкерлеріне беру тағам сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл 312 мектеп пен олардың асханасында санитарлық тексерулер жүргізілген. Оның үштен бірінде заңбұзушылықтар анықталып, 117 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 31 млн теңгеден асқан. 90 қызметкер жұмыстан шеттетіліп, 8 іс сотқа жолданған.
Министрліктің дерегінше, 2024 оқу жылымен салыстырғанда санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ мектептер саны 1,4 есеге азайған.
Еске салсақ осыған дейін ДСМ 1 қыркүйегінен бастап, елдегі мектеп асханаларында бірқатар азық-түлік түрлерін сатуға тыйым салуға қатысты бұйрық шығарған болатын. Бұйрыққа сәйкес, мектеп пен аурухана асханаларында пайдаланылатын азық-түлік өнімдерінің тізбесі әзірленген. Ас мәзірі монопрофильді және мультипрофильді болып бөлінеді.