Берденов ісі: Жиембайға қатысты бұрын-соңды тәртіптік шара қолданылмаған

Жарияланды
Берденов ісі
Фото: Дилара Иса

Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкерлері сотта жауап беріп жатыр. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ернар Жиембайдың ісі бойынша куәлерден жауап алу жалғасты. Бұл жолы куәлікке қала әкімдігінің қызметкерлері келді.

Әкімдік қызметкерлері не деді

Бірінші куәлікке Шымкент қалалық құрылыс басқармасы құрылыс нысандарын мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебеков келді. Оның куәлік етуінше, оқиға болған күні түстен кейін басқарма басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев оған Ернар Жиенбаевқа хабарласуын тапсырған. «Жұмыстан шығу туралы өтініш жазу керек, сұрап көрші» деген. Кенжебеков хабарласқанда, Жиембай «1 ай уақыт беріп еді ғой. Түсіндім» деп жауап берген.

Кенжебековтің сөзінше, ол не себептен арыз жазу керектігін білмеген. Жиембайға қатысты жұмысы бойынша бұрын-соңды тәртіптік шара қолданылмаған. Жиембай мен Берденовтің бас араздығы туралы туралы білмеген.

«Жұмыстан өз өтініші бойынша не теріс қылықтар жасаған жағдайда жұмыстан шығарылады. Бұған дейін Жиембайдың теріс қылықтары болмаған», – деді куә Кенжебеков.

Судья Абинур Қарабаев куәден: «Берденов өз бетінше Жиембайды жұмыстан ала ала ма? Ұсыныс бере ала ма?»,  – деп сұрады. Куә қала әкімінің орынбасары жұмыстан босата алмайтынын жеткізді. Ал ұсыныс бере ала ма жоқ па, оны білмейтінін айтты.

«Русланға берші телефонды»

Істе куә ретінде ретінде келген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің көмекшісі Талап Рахымбердиевтің айтуынша, Берденов өзі басқаратын басқарма және мекемелердің жұмысымен жеке-жеке танысқан. «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ернар Жиембайды да сол мақсатта шақырған. Бірақ алдын ала айтылғанымен Жиембай өз жұмысын таныстыруға дайын болмаған. Оған қоса Жиембай кездесуге келгенде ресми үлгідегі киіммен келмеген.

«Әкімдікке келген мемлекеттік қызметкерлер ресми үлгідегі киіммен жүруі керек. Әкімдікке келген мекеме қызметкерлері де ресми үлгідегі киіммен келеді. Ол (Жиембай – ред.)ресми үлгіде киімі, яғни костюм шалбар, көйлек кимеген еді. Жейде шалбармен келді»,  – деді куә Рахымбердиев.

Осы кезде судья әкімдік қызметкері куә Кенжебековтен Жиембай мемлекеттік қызметкерге жата ма деп сұрады. Ол Жиембай қалалық құрылыс басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болғанымен, мемлекеттік қызметші емес деп жауап берді.

Бұдан кейін екінші рет Берденовпен кездесуге Жиембайдың өзі сұранған. 14 ақпан күні Жиембай Рахымбердиевке телефонмен хабарласып, «Русланға берші телефонды», «Үйіне кетті ме онда үйіне барамын» деген. «Субординация сақта» деп тұтқаны қоя салған.

«Ішіп алған сияқты болды. Қайта хабарласқанда телефонды алмадым»,  – деді Рахымбердиев.

Рахымбердиевтің айтуынша, атыс болған күні Берденов Жиембай арыз жазған жазбағанын білуді сұраған. Кешке Берденов әріптестерімен қоштасып шыққан. Көп өтпей «Берденовті атып кетіпті» деген хабар келген.

«Жүгіріп сыртқа шықтық. Басында Жиембайды танымадым. Жерге қарап жатты. Түсініксіз жағдай, шок болдық. Берденов мырзаның қиналып жатқан дауысы шығып жатты. Қансырап жатты»,  – деді куә Рахымбердиев.

Куәнің сөзінше, Берденовтің қызметтік кобинетінде бейнебақылау камерасы жоқ.

Еске сала кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен.

Бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасауға қатысты қылмыстық іс пен тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізетін «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-і арасында байланыс ресми түрде расталған жоқ

Сондай-ақ оқыңыз