Берденов ісі бойынша оқиға болған сәттің видеосы көрсетілді

Бүгін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімдігі ғимаратының алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембайдың қалай оқ атқаны көрсетілді. Оқиғаның қалай болғаны қала әкімдігі ғимаратындағы бейнекамералардан алынғаны айтылды.
Сот куәлерден жауап алып болған соң іс материалдарын зерделеуге көшті. Зерделеу кезінде қала әкімдігі ғимаратындағы бейнебақылау камераларына түсірілген видеолар көрсетілді.
Бейнебақылауға қарағанда, 21 сәуір күні кешкі сағат тоғыз шамасында қала әкімдігі ғимаратының Көрме орталығы бетіндегі есігінің жанына қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің қызмет көлігінің тоқтағаны, іле-шала Руслан Берденовтің әкімдік ғимаратынан шығып ұялы телефонын қарап көлікке қарай бара жатқанын байқалады. Осы сәтте көлік жанынан айыпталушы Ернар Жиембай жүгіріп шығып, Берденовке қарай оқ атады. Берденов көлікті айналып қашады. Жиембай оның артынан қуып бірнеше рет оқ атады. Жиембай бас-аяғы 5 рет оқ атқан. Оқтың Берденовке тиген, тимегені видеода көрінбейді. Көп өтпей қала әкмі орынбасарының көлік жүргізушісі көлігімен қайта келіп, Жиембайды қағады. Сол сәтте Берденовтің де жерге құлағаны байқалады.
Жиембайды көлік жүргізушісі әкімдік ғимаратына қарай итергенде оның қолында қару болмаған. Екінші адам жеткенде Жиембайды жерге құлатып, қолын артқа қайырады. Көп өтпей қала әкімдігінен бірнеше адам сыртқа шыққан. Ізінше қала әкімі мен өзге шенеуніктер де шығып, әуелі Жиембайдың алдына келіп тоқтайды. Жиембайдың түрін көргеннен соң қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Берденовке қарай жүреді. Ал Жиембайды полиция қолын қайырып алып кетеді.
Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған. Бүгін екінші сот отырысы өтіп, куәлерен жауап алынды.