Жаңалықтар

«Берденов сотқа өзі келіп жауап береді» – Жеңіс Тыныбек

Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов сотқа келетін болды. Қазір оған ота жасалып жатыр. Бұл туралы бүгін сот тергеуінен шыққан Руслан Берденовтың заңды өкілі Жеңіс Тыныбек айтты.

Тыныбектің мәлімдеуінше, сотқа дейінгі тергеу кезінде екі тарап кездескен. Кездесуде Руслан Берденов болмаған. Оның орнына заңды өкілі ретінде өзі барған. Жиембай тарапынан әкесі мен қорғаушысы келген.

«Тергеу кезінде жауап бермедік. Іс 99-баптың 1-бөлігімен кетеді. Ары қарай 10 жылға сотталады. Шартты түрде мерзімінен бұрын шығарып аламыз» деді. Келісімге келуді сұрағанда кешірім сұраңыздар дедім. Кешірім сұрап ешкім келмеді»,– деді Берденовтің заңды өкілі.

Іс бойынша сот талқылауы басталғанда айыпталушы Ернар Жиембай Берденов мазақ еткендей әкесінің, артынан әйелінің кешірім сұрап, әлеуметтік желіде жазба жариялауын талап еткенін және онкологиямен ауыратын әкесіне анықтама алдыртқанын айтқан. Сонда да Берденов кешірім бермеді деген еді айыпталушы.

Айыпталушы Жиембайдың әкесінен ауруы туралы анықтаманы Жеңіс Тыныбек алдыртқан. Айтуынша, келіссөзді тек өзі ғана жүргізген. Кездесу кезінде Жиембайдың әкесі өзі онкологиямен ауыратынын, жағдайды Берденовке түсіндіруді сұраған. Ал заңды өкіл Тыныбек оны дәлелдеу үшін анықтама беріңіз, көрсетейін деген.

«Тергеу барысында адамгершілікке салып бала-шағасымен келіп Берденовтен кешірім сұраса, кешірім беретін еді деп ойлаймын. Кеше де (өткен сот отырысын айтады – ред.) ақпараттық жарылыс болып жатыр, айтпаған сөзді айтты етті», – деді ол.

Тыныбектің пікірінше, айыпталушы қылмысты аффект жағдайда жасаған дегенді дәлелдегісі келгенімен, оған саналы түрде барған. Мұны арнайы сараптама қорытындысымен дәлелдеуге болады.

«Әйелі бір отбасының қызы. Балалары бар. Мұндай жерде әйелін қаралау ұят тірлік. Ол да біреудің қарындасы, біреудің анасы. Сот өтеді, кетеді. 10, 20 жылдан кейін тарихта қалады ғой. Өз әйелін осылай қаралаған орынсыз деп санаймын», – деді Берденовтің заңды өкілі.

Жеңіс Тыныбек Берденов іс бойынша өз ұстанымын өзі сотқа келіп жауап беретінін айтты.

«Берденов сотқа онлайн қатысуға келіспеді. Келіп жауап беремін деді. Өзім келем, нақты ойымды айтадым деді. Қазір ота жасалып жатыр. Оқ-дәрілерді шығарып жатыр. Бауыр, қол, өкпе, бауырында оқ бар», – деді.

Бұдан бұрын Берденовтің заңды өкілі сотта жәбірленушіге 6-7 тамызда ота жасалатынын мәлімдеген. Десе де жоспарлаған ота Берденовтің қызуы көтерілуіне байланысты кейінге қалдырылған. Сондай-ақ сот отырысына қатыспайтыны белгілі болған.