Стив Джобсты қайтесіз, Абайды оқыңыз: кәсіпкерлерге де пайдасы тиетін философия

Жарияланды 13 Тамыз 2025 11:31

Ерлан Ысқақов

Ерлан Ысқақов

ye.iskakov@kursiv.media
Абайды оқыңыз: кәсіпкерлерге де пайдасы тиетін философия/Коллаж Курсив.медиа, фоторедактор: Милош Муратовский  

Нарықта үстемдік орнатып, қыруар табыс әкелуді көздейтін бизнес стратегияларының «қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» деген ұстанымға сай әрекет етуге тыйым салмайтыны жасырын емес.

Мұндай амалға бой алдырмай, кәсіпте, кәсіпкерлікте, іскерлік қарым-қатынаста адамшылықтан аттама, адал бол деген ұстанымды дәріптейтін жарқын бір мысалды ұлы ақын Абайдың «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген нақылынан аңғарамыз.

Қазақ елі биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өтіп жатыр; қалың бұқараға ХІХ ғасыр ойшылы ретінде мәлім болғанымен, кейінгі кезде оның біз ойламаған салаларға, мысалы кәсіпкерлік білім беру мен кәсіпкерлік бағыттағы зерттеулерге, ықпалы бар философиялық жүйе құрғанына куә болып отырмыз.

Толық адам

Жақында Абай философиясына кәсіпкерлердің де ден қойғаны артық емес екенін жеткізген бір айтулы жайт жұрт назарына ілікті: Назарбаев Университетіндегі Бизнес мектебінің профессоры Шумайла Юсуфзай (тегі пәкістандық, өзі Британиядан келген маман) әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында тұрақты даму, кәсіпкерлік және ел басқару ісіне келгенде, бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтін үлгілерді алыстан, шетелден (көп жағдайда Батыстан) іздеп әуре болмай, өз еліңнің, туған жеріңнің дәстүрлі білім-ғылым қорынан, осы өңір топырағына, адам санасына сіңген, жұрт жатырқамайтын практикалардан іздеп табу керегін алға тартқан.

Былтыр Юсуфзай ханым университет бөлетін гранттар бағдарламасына, сондай-ақ Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігіне үш зерттеу өтінімін әзірлеп жіберген. Әр өтінім жекелеген үш топ: кәсіпкер әйелдер, мүмкіндігі шектеулі (кемістігі бар) кәсіп иелері мен бизнеске баулитын тәлімгерлердің қажеттіліктерін қамтып жазылған.

Зерттеушінің осы жолғы жаңашылдығы – ғылыми жобаларын Абай философиясымен байланыстырып, соған негіздеп жазғаны. Жобаға тірек болған ой-тұжырымдар ұлы ағартушының «Қара сөздері» мен «Толық адам» ұғымынан алынған. «Толық адамды» ағылшынша «complete» не holistic human being, яғни «жан-жақты, үйлесімді дамыған, кемелденген адам баласы» деп ұтымды жеткізе білген шетелдік профессор «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» деген қасиеттер қазіргі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру, соның ішінде бизнесте әдеп қағидаларын сақтау, қоршаған ортаға нұқсан келтірмеу және адамдарды мүмкіндігіне, жағдайына қарап алаламау жолындағы жүйелі жұмысқа да қажет дейді.

Абай кітап сатушы болса / Шумайла Юсуфзайдың салған суреті

Юсуфзай ханымның айтуынша, біз «мүмкіндігі шектеулі» деп жүрген «жарымжан» кісілердің де «Толық адам» боларлық әлеуеті бар, олар бұл дәрежеге тән қуаты арқылы емес, моральдық, интеллектуалдық және эмоциялық өсіп-жетілу арқылы көтеріледі. Ал кәсіпкер әйелдер сырттан импортталған жат модельдерден емес, өз елінде, өз ортасында – мәдени мұрасында бар құндылықтардан сусындай алады-мыс.

Батыс теориялары жарамсыз

Зерттеу жобасының осындай жаңашылдығын естіген әріптестері, таныстары Юсуфзай ханымға ғылыми ортада қалыптасқан дәстүрден ауытқудың кері әсері тиеді, мәселен: «Грантқа өтінімдердің бәрін Батыстағы сарапшылар оқып, бағалайды, байқа; Абайды ешкім білмейді ғой», – деп ескерту жасаған көрінеді.

Ең қызығы, ғалымның үш өтінімі де мақұлданып, оларға жиынтық көлемі 500 мың доллардай болатын қаражат бөлінетін болды! Осыдан барып Абайдың «ескі, дәстүрлі» пайымдарына жүгінудің қажеті жоқ деп қалай айтасыз?!

Абайдың ой-тұжырымдарына арқа сүйеу – шетелдік ғалымның саналы таңдауы. Оның сөзінше, қазір әлемде орынды болсын-болмасын, әйтеуір Батыс теорияларын құшырлана зерттеп, талдап, оларды бөтен мәдени-танымдық ортаға күшпен таңып тықпалау сәнге, үстем үрдіске айналғандай. Батыстың ойы құнды, алайда оны әмбебап жүйе десеңіз, қателесесіз, дейді Юсуфзай ханым.

«Отарлау, қанау (жергілікті ресурстарды аяусыз игеру) немесе нарықтық фундаментализмнен (еркін нарық қағидаларына құдайдай сенуден) бастау алатын теориялық модельдерді осылай жөнсіз қолданып жүре берсек, танымымыз қате шығатыны былай тұрсын, сол жат модельдердің санаға әбден сіңіп кетуіне өзіміз жол ашатын боламыз!» – дейді зерттеуші.

Ғалымға сенсек, осы ретте қазақ жерінде жүріп Абай философиясына ден қою – өткенді аңсау емес, бұл – таным-білім саласындағы әділдіктің нышаны, өзгеге еліктеуден гөрі өзіңде барды қазбалап, жаңаша талдап-қорыту амалы.

Абайды жаңаша тану

Профессор Юсуфзай мен оның қарамағындағы зерттеуші әріптестері (дені жас қазақ ғалымдары) қолға алған осы жобасы аясында арнаулы оқыту модульдерін әзірлеп, Астана, Алматы, Семей және Ақтөбе өңірлерінде бірнеше семинар-тренинг өткізіп те үлгерген.

Әр оқыту бағдарламасы «Толық адам» философиясына сай үш сатыдан тұрады. Бірінші кезеңде тренингке қатысушылар бойындағы ниет-ұмтылыстарына (жүрек) үңіліп, соларды айқындайтын жаттығулар орындайды; одан кейінгі кезеңде стратегия мен шешім шығаруға (ақыл) қатысты сессия өтіп, соңында орынды харекет етіп, ерік-жігер (қайрат) жоғалтпау жолындағы нұсқаулар айқындалатын пікірлесу ұйымдастырылады.

Осылайша, кәсіпті, бизнесті әдептен аттамай, жауапкершілік сақтай отырып, орнықты дамытуға болатыны көрсетіледі.

Бастапқыда, тренингке қатысушылар Абайды осы уақытқа дейін тек әдеби контексте танығандықтан, іскерлік бағыттағы практикалық семинарлардың Абай философиясы төңірегінде өрбігеніне күмәнмен қарайтын. Оның идеяларының табыс табу, брэнд жасау, қаражат сынды тақырыптарға қандай қатысы бар екенін түсінбейтін. Алайда тренинг соңына таман қатысушылар Абайға ақын не ойшыл ғана емес, жалпы күнделікті өмірдегі іс-әрекеттеріне, бизнестегі шешімдеріне жөн сілтейтін моральдық және интеллектуалдық тұғыр деп қарай бастаған.

Юсуфзай ханым мен оның зерттеуші әріптестерінің әзірше жұртқа айтар басты ақылы – жат жерден келген теорияларға шамадан тыс көп жүгінудің қажеті жоқ, сіздерге қажет даналық – өз тілдеріңізден, атамекендеріңізден, халық арасынан табылады! Ізденіңіздер!

Бизнесте адалдыққа қиянат жасамай әрекет етсеңіз абзал; бастысы, асып-тасымай, үнемділік, ұқыптылық сақтаған жөн, Абай айтпақшы:

“…Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса — жарамайды. Өлшеуін білмек — бір үлкен керек іс. […] Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық — бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады».

Сондай-ақ оқыңыз