Үстіне ағаш бұтағы құлаған алматылық бойжеткен қайтыс болды

Алматыда бойжеткен үстіне ағаш құлап қайтыс болды. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушысы Виктор Бурдин жазды.
Оның сөзінше, қызға ағаштың бұтағы құлаған.
«Осы жазда Алмалы ауданы әкімдігінің чатына бірнеше рет құрғаған ағаштар туралы шағым жаздым. Кей ағаш бірнеше жыл бойы қурап тұра берген. Олар жуан-жуан. Бұл тек мен тұратын бірнеше көшенің аралығындағы жағдай. Кейбірін тазалайды, енді бірі сол күйі тұр», – деп жазды Бурдин.
Айтуынша, былтыр тротуарлар мен веложолақтардың үстінен салбырап тұрған бұтақтар мәселесіне бірнеше рет шенеуніктер назарын аудартуға тырысқан. Алайда әлі күнге дейін мәселе шешімін таппаған.
Бұл деректі Алматы қаласы полициясы да растады.
«Бұл дерек бойынша Алмалы ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – делінген ақпаратта.