Назарбаевтар әулеті тұрған Шамалған ауылындағы жер 217 млн теңгеге сатылды

Бұрын Назарбаевтар әулеті тұрған Шамалған ауылындағы жер телімі электронды сауда алаңында 217 млн теңгеге сатылды.
Электрондық сауда алаңының мәліметінше, №30 жер телімінің аумағы — 4,5 мың гектар. Ол қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған. Бұл жер Қайтарылған активтерді басқару компаниясының балансында болған. Жер телімі тау баурайында орналасқан. БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттарға сенсек, бұл учаске бұрын «Алмалы» холдингіне тиесілі болған, оның құрылтайшысы Қайрат Боранбаев.
Нысанға бағалау 18 маусымда Sarzhan Invest Group компаниясы тарапынан жүргізілген. Компанияның есеп баяндамасында бағалаушыға мынадай құжаттар ұсынылғаны көрсетілген:
- 2007 жылғы жер телімін сатып алу-сату шарты;
- 2021 жылғы жер теліміне берілген акт;
- 2024 жылғы жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама.
«Анықтамаға сәйкес, 2022 жылғы 14 наурыздағы қаулы негізінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жер теліміне шектеу қойған. Бұл шектеу анықтамада көрсетілгенімен, бағалау жүргізу кезінде тиісті құжат ұсынылмаған», – делінген есепте.
Бағалау нәтижесі бойынша жер телімінің нарықтық құны 217 млн теңге деп белгіленіп, дәл осы сомаға сатылды.
Айта кетейік Болат пен Нұрсұлтан Назарбаевтар Шамалған ауылында дүниеге келген. Кейін бұл өңірде Назарбаевтар отбасының меншігінде жылжымайтын мүлік пен жер телімдері бар екені белгілі болды.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (КУВА) шілде айында бай-бағланнан қайтқан 5 жер телімін тағы да аукционға шығарған болатын. Бұл жер телімдердің төртеуі Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасса, біреуі Қаскелеңнің маңайында жатыр. Олардың арасында бұрын марқұм Болат Назарбаевқа тиесілі болған 143 гектар жер телімі де бар.