Жергілікті нарыққа бейімделу: қандай көліктер қазақшаланған

Көлікті ресми дилерден сатып алғанның артықшылығы көп, соның бірі – автоның жергілікті нарыққа бейімделетіні. Кейінгі кезде дилерлердегі көліктер көптеп қазақ тілін қолдайтын болған. Интерфейс қазақшаланып, дауыстық көмекшілер қазақша пәрменді орындайды. Мұндай мүмкіндік қазіргі уақытта қандай көліктерде бар екенін шолып шықтық.
Мәселеміз бойынша елдегі ірі дилерлер Orbis Auto, Astana Motors, Allur компанияларына жүгінгенбіз. Алғашқы екі компания сауалымызға қуана жауап берсе, Allur-дан еш жауап келмеді, байланысқа да шықпады. Сондықтан нарықтағы қазақ тілін қолдайтын көліктер толық қамтылмай қалуы мүмкін екенін ескертеміз.
Orbis Auto көліктері
Компания мәліметінше, қазіргі уақытта EXEED премиум бренді ресми түрде Қазақстанға жеткізетін RX және VX модельдерін қазақ тіліндегі интерфейспен жабдықтаған. Қазақ тілін тамаша танитын дауыстық көмекші картада маршрут құрудан бастап мультимедиялық жүйені, климат-бақылауды, терезелерді, массажды және жарықты басқаруға дейінгі кең ауқымды командаларды орындауға мүмкіндік береді.
Компания сонымен қатар KAIYI ресми дистрибьюторы көліктерінің интерфейсіне қазақ тілін енгізу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын жеткізді. Бұл опцияны бірінші болып флагмандық KAIYI X7 кроссовері алмақ.
Astana Motors көліктері
Аталған компанияда қазақ тілі орнатылған көліктер желісі айтарлықтай кең. Компанияның өзі нарықтың қажеттіліктеріне арналған өнімдерді локализациялауға, соның ішінде тілді бейімдеуге көп көңіл бөлетінін, жұмысты кезең-кезеңімен іске асырып жатқанын айтады.
Бүгінгі таңда қазақ тілі дилер ұсынған бірқатар модельдердің мультимедиялы жүйелерінің интерфейсіне енгізілген.
HYUNDAI. Қазақ тілі аталған брендтің Elantra, Mufasa, Tucson және Custin модельдерінің мультимедиялық жүйелерінде қолжетімді. Жақын арада қазақ тілі Sonata және Santa Fe модельдерінде де пайда болмақ.
CHERY. Ал Chery модельдер желісінің барлығында дерлік мультимедиялық жүйенің интерфейсінде қазақ тілі қолданылады. Оның ішінде Tiggo 2 Pro, Tiggo 4, Tiggo 7, Tiggo 8 Pro / Pro Max, Tiggo 9 үлгілері бар. Arrizo 8 моделіне қазақ тілін енгізу жыл соңына дейін аяқталмақ. Сонымен қатар, компания Қытайдың өндіруші зауыттарының қатысуымен қазақ тіліндегі дауысты көмекші әзірленіп жатқанын жеткізді. 2026 жылдың басында Chery модельдік желісі арасында алғаш болып Tiggo 9 флагманы қазақ тілінде «сөйлей» бастамақ.
BYD. Қазақ тіліндегі мультимедия интерфейсі ресми дилерлер ұсынған барлық модельдерде қолжетімді. Атап айтқанда YUAN UP, SONG PLUS DM-i, HAN EV және SONG PLUS EV. Сонымен қатар қазақ тіліндегі дауыстық көмекші әзірлену үстінде.
HAVAL. Жылдың соңына қарай қазақ тіліндегі мультимедиялық мәзір Haval кроссоверлерінің Jolion және H6 FL моделдерінде пайда болады деп күтіліп отыр.
CHANGAN. Бүгінде Changan автокөліктерін қазақ тіліне бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстандағы мультибрендті зауытта шығарылатын екі модель – CS55 PLUS және CS75 PLUS мультимедиялы жүйе қазақ тілді интерфейске ие болмақ..
Бұған дейін, көлікті ресми дилерде жөндеткен тиімді ме, әлде жеке сервис те ме деген сауалға жауап іздеген болатынбыз.