Каспий теңізін зерттейтін институтқа тағы 305 млн теңге қаржы бөлінді

Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтына Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.
Қаржы қайда жұмсалады
Үкімет резервінен бөлінген қаражат институтты одан әрі дамытуға бағытталып, гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониторинг зертханаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, институтқа жүктелген өзге де міндеттерді орындауға жаратылатын хабарланды.
Институт немен айналысады
ҒЗИ-дің қызмет аясына төмендегідей бағыттар кіреді:
- балық қорының көлемін бағалау;
- оларды сақтау әдістері мен технологияларын әзірлеу;
- ихтиофаунаны зерттеу;
- итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және олардың популяциясын сақтау мәселелері.
Бұдан бөлек, институт қызметі теңіздің гидрологиялық үдерістерін зерттеуге және оның деңгейін бақылауға, климаттың өзгеруін және оның экожүйеге әсерін талдауға, судың сапасы, биологиялық алуантүрлілік және Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі мен жағалауының өзге де параметрлері жөніндегі деректерді жинау мен талдауға бағытталған.
Бұған дейін бөлінген 846 млн теңге
Экология министрлігінің экологиялық мәдениет және саясат департаменті директоры Дәулет Есмағамбетов Каспийдің Қазақстан бөлігіндегі теңіз деңгейі бір жылда 26 сантиметрге төмендегенін жеткізіп, мәселені зерттеу мақсатында құрылған институтқа қаржы бөлінетінін мәлімдеген.
Жабдық сатып алуға жергілікті бюджеттен 518 миллион теңге бөлінсе, республикалық бюджеттен штат пен инфрақұрылымды ұстауға тағы 328 миллион теңге бағытталмақ.
Ғылыми-зерттеу институтында жалпы 91 адам жұмыс істейтін болады. Мекеме құрамына кеме қосылса, экипажда 15-20 адам болады.
Оның алдындаҚазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Каспий маңы елдерін Каспийдің таяздануына қарсы күресте ынтымақтастыққа шақырды.