Онлайн концерттен табыс тапқан жұлдыздар салықты қалай төлейді

Қаржы министрі Мәди Такиев концертін, тойын әлеуметтік желідегі оқырмандарына жазылым арқылы сата бастаған өнер адамдары қалай салық төлейтіні туралы сауалға жауап берді.
«Мысалы, Сәкен Майғазиев, Қайрат Нұртас онлайн концерттен немесе тойдан түскен табыстан салық төлеуі керек пе? Рәсімді түсіндіріп берсеңіз», – деді KursivMedia тілшісі министрге.
Мәди Такиев өнер адамдары мұндай табыс үшін ел конституциясының 34-бабына сәйкес, салық төлеуге міндетті екенін жеткізді.
«Қосымша табыс болса, салық төлеуі керек. Мысалы, әртістер той өткізеді, Тик-Токта оны адамдар көреді. Жалпы жыл бойы тапқан табысын 2026 жылдың 31 наурызына дейін декларацияда көрсетуі керек. Кейін 2026 жылдың 10 сәуірге дейін 10% салық төлеуі керек, – деп түсіндірді министр.
Той мен концертті тікелей эфирде көрсету – жұлдыздар арасындағы жаңа тренд. Мұндай үрдісті ұлын үйлендірген кезде Сәкен Майғазиев бастаған. Әнші ұлының тойын телеграм арқылы тікелей эфирде көрсеткен. Ал оған тіркелу құны 1380 теңге болды.
Блогер әрі актер Артур Асқарұлы трендті жалғастырып, ол да тойын тікелей эфирде көрсеткен. Алайда бұл жолғы қуаныш тегін ұсынылды.
Кейін әнші Қайрат Нұртас концертін тікелей эфирде көргісі келетіндер үшін 990 теңгеге көрсетілім сата бастағаны хабарланған.