Тоқаев нашақорларға кеңшілік танытып, есірткі саудасына қатаң болу керектігін айтты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Тоқаев нашақорларға кеңшілік танытып, есірткі саудасына қатаң болу керектігін айтты
Тоқаев нашақорларға кеңшілік танытып, есірткі саудасына қатаң болу керектігін айтты/Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі отырысы өтті.

Президенттің айтуынша, бұл әлеуметтік кеселдің белең алуына қатысты ахуал елде де, халықаралық ауқымда да алаңдатарлық жағдайға жеткен.

Наркотизм

– Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарапшылар мен ғалымдар наркотизм ұғымының нашақорлықтан әлдеқайда кең екенін, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық проблемалармен, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік мәселесімен ұштасып жатқанын айтады.

Есірткі саудасына мүлде төзбеушілік ұстаным

Президент есірткіге тәуелділер емдеу-сауықтыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтылмай отырғанына назар аударып, мәселені шешу қажет екенін мәлімдеді.

Бұл ретте мемлекеттік саясат нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екені айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған індетке қатысты статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеу бағытындағы ақпараттық-сараптамалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ химиялық заттардың таралуын қадағалау мәселелерін маңызды міндет деп санайды.

Бұған дейін, Тоқаев Қазақстанға қандай жастар керек екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз