
Қытайдың электромобиль нарығындағы қарқынды өсім мен жергілікті өндірушілер тарапынан қысымның күшеюі аясында Оңтүстік Кореялық Hyundai Motor Company мен америкалық General Motors стратегиялық әріптестік орнататынын мәлімдеді. Екі компания жаңа автокөлік модельдерін, соның ішінде электромобильдерді бірге жасап шығарады. Жаңа көліктер, ең алдымен, Азияның жылдам дамып келе жатқан нарықтарына бағытталмақ.
Қытайлық бәсекеге қарсы тұратын одақ
Компаниялар бірлескен мәлімдемесінде Қытайды нақты атап өтпегенімен, сарапшылар бұл қадамның негізгі себебі – BYD, NIO және XPeng секілді қытайлық брендтердің өсіп келе жатқан үстемдігі екенін айтады. Қытайлық автокомпаниялар шетелдік өндірушілерді тек өз елінде ғана емес, жаһандық нарықта да ығыстыра бастады.
Қытай бүгінде әлемдегі ең ірі электромобиль нарығына айналды. Мұндағы тұтынушыларға арналған көліктер қолжетімді бағамен, озық технологиямен және мемлекет тарапынан берілетін субсидиялармен ерекшеленеді. Бұл шетелдік автоөндірушілер үшін үлкен сынақ.
Технология мен ресурстарды біріктіру
Hyundai мен GM альянсы электромобиль платформаларын бірлесе жасау, өндірістік процестерді үйлестіру және автономды жүргізу мен бағдарламалық қамтамасыз ету саласында кооперацияны қамтиды. Сондай-ақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Латын Америкасында бірлескен зауыттар салу да жоспарда бар – бұл аймақтарда қытайлық брендтердің бәсекесі әлі де шектелген.
«Геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық автоөнеркәсіптегі трансформация жағдайында күш біріктіру – стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім. GM үшін бұл Азия нарығында позициясын нығайту мүмкіндігі, ал Hyundai үшін жаһандық ауқымын кеңейтіп, америкалық технологияларға қол жеткізу жолы», – дейді Bernstein Research компаниясының сарапшысы Ли Чон Хо.
Жаңа кезең басталды ма?
Бұл одақ болашақта басқа да халықаралық автокомпаниялар үшін үлгі болуы мүмкін. Электромобиль төңкерісі әлемдік автоөнеркәсіптегі ережелерді өзгертіп жатқан кезде, ірі ойыншылар қытайлық брендтердің баға саясаты мен технологиялық серпініне қарсы тұру үшін серіктес табуға мәжбүр.
Hyundai мен GM бұған дейін жергілікті деңгейде серіктестік орнатқан болатын. Бірақ бұлжолғы одақ – екі әртүрлі континенттен шыққан алып компаниялардың Қытайға қарсы біріккен алғашқы үлкен қадамы ретінде бағаланып отыр.
Бірлескен жобалардың нақты техникалық сипаттамалары мен инвестициялық көлеміалдағы айларда жарияланбақ. Әзірге жаһандық автоөндірушілер бұл серіктестікке жіті назар аударуда – бұл одақ автоиндустриядағы күштердің жаңа орналасуын білдіруі мүмкін.
Еске сала кетсек, Қытайдың технологиялық жағынан жетілдірілген автокөліктерінің тізімі жарияланды. J.D.Power China ұйымы жасап шыққан рейтингте Zeekr сынды танымал маркалар көш бастады. Сонымен қатар «аспан асты елінде» өндіріліген ең сапалы 10 темір тұлпар маркасының тізімі жарияланған болатын.