Ресейде емес, Қазақстанда оқығысы келген өзбек студенттері жазаға тартылуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Университет басшылығы наразы өзбек студенттеріне жауапқа тартылатындарын айтып, ескерту жасады / фото: kun.uz
Университет басшылығы наразы өзбек студенттеріне жауапқа тартылатындарын айтып, ескерту жасады / фото: kun.uz

Өзбек студенттері Ресейде емес, Қазақстанда оқығысы келетінін айтып, ректордың шешіміне наразылық білдіріп отыр.

Kun ақпаратына қарағанда, Ташкент мемлекеттік медициналық университетінің бір топ студенті Ресейдің Нижний Новгород қаласына оқуға жіберіп жатқан оқу орнының басшылығына қарсы шықты. Олар соғыс жүріп жатқан ел болғандықтан қауіпсіздіктеріне қатты алаңдаған. Алайда, аталған университет басшылығы бұл мәлімдемені «жалған» әрі «негізсіз» деп атады.

Басшылық шешіміне наразы өзбек студенттері мәжбүрлі түрде Ресейге оқуға жіберіп жатқанын айтып, бейнеүндеу жолдаған. Олардың айтуынша, бұрынғы ректор оларды Қазақстанға жіберуге уәде берген. Алайда, жаңа ректор Шухрат Боймуродов бұдан бас тартыпты. Ол студенттерге «не Ресейге барасыңдар, не академиялық демалысқа шығасыңдар» деп талап қойыпты.

Ташкент мемлекеттік медициналық университетінің баспасөз қызметі студенттердің мәлімдемесін теріске шығарды. Ресми хабарламасында студенттердің әрқайсысы Нижний Новгородқа барып оқуға келісімін беріп, құжаттарға қол қойғаны айтылған.

Университеттің айтуынша, Ресей мен Өзбекстан арасындағы бірлескен білім бағдарламасы аясында оқуға түскен кезде бұл студенттерге арнайы жеңілдік жасалған. Студенттерді мәжбүрлемегені, Ресей қаласының «әскери аймаққа» жатпайтыны көрсетілген.

«Кейбір студенттер келісімшарт талаптарын бұзып, жалған мәліметтерге сүйеніп, Ташкентте қалғысы келеді. Жалған ақпарат таратушылар деректерді әдейі бұрмалап жатыр. Қоғамды жаңылыстырып, басшылық пен ұжымның беделін түсіруге ұмтылуда. Мұндай әрекеттер үшін заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін», – деп студенттерге қатаң ескерту жасаған.

Айта кететін жайт, соңғы кездері қазақстандықтар Өзбекстанға жиі саяхаттай бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз