Алматының электр энергиясына жауапты компанияға 4 млрд теңге айыппұл салынды

Сот «Алматы электр станциялары» АҚ-ға («АлЭС») 4,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл жайлы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен хабарлады. Компания бәсекелестік туралы заңнама талаптарын бұзды деп айыпталып отыр.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің дерегінше, «АлЭС» компаниясы Алматы индустриялық аймағындағы кәсіп иелерін қосымша электр энергиясын сатып алуға міндеттеген.
Алматы индустриялық аймағы жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылып, өнеркәсіптің басым бағыттарын дамытуға арналған. Аумақта 118 кәсіпкерлік тіркелген, жалпы инвестиция көлемі 400 млрд теңгеден асады. Ал оларға энергия ресурсын жеткізу үшін мемлекет арнайы желі де жүргізіп берген.
Бірақ «АлЭС» компаниясын арнайы электр желісі болуына қарамастан, бизнес иелерін қосымша электр энергиясын сатып алуға міндеттеген. Осы үшін ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1 бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 4,4 млрд теңге айыппұл салынды.
«Алматы электр станциялары» АҚ – «Самұрық Энерго» компаниясының еншілес ұйымы. Алматы қаласы мен Алматы облысында жылу және электр энергиясын өндіру саласында жұмыс істейтін энергия өндіруші ұйым.