
Осы жылы 13 тамыздан бастап Starlink компаниясы Қазақстанда ресми түрде интернет қызметін ұсына бастайды. Бұл жайлы Цифрлық даму министрлігінен хабарлайды.
«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы қызмет көрсету барысында Қазақстан заңнамасын толық сақтау жөнінде келісімге қол қойды. Бұл келісім ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы барлық талаптарды орындауды қамтиды», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Starlink технологиясы арқылы шалғай және қолжетімділігі қиын аймақтардағы тұрғындар интернетті пайдалана алады.
Starlink сайтында жазылғандай, ай сайынғы интернет төлемі 23 мың теңге болады. Бірақ оны қосу үшін Starlink құрылғысын да тапсырыс беру қажет. Оның екі түрі бар: стандартты құрылғы және шағын. Біріншісі үйдегі интернетті күнделікті пайдалану үшін қолайлы, ал екіншісі негізгі интернет-қосымшаларға арналған. Стандартты нұсқа 201 мың теңге, ал шағын нұсқа 104 мың теңге тұрады. Компания құрылғыны 1–2 апта ішінде жеткізуге уәде береді. Жеткізу құны – 12 мың теңге.
Бұған дейін Starlink спутник терминалы заңды түрде күзде сатыла бастайды деп хабарланған еді. Оған дейін тек пилоттық режимде ғана жұмыс істеді.