
Израиль Газа секторындағы палестиналықтарды басқа елге көшіріп жіберуді жоспарлап отыр. Ұзақ жылғы соғыстан зардап шеккен тұрғындарды Оңтүстік Судан немесе Сомалиге жер аудармақшы. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған AP хабарлайды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қоныс аударуды Дональд Трамптың Газаның тұрғындарын көшіру туралы идеясын жүзеге асырғанымыз деп түсіндіреді. Ол бұл қадамды «ерікті көші-қон» деп атайды.
Палестиналықтар, құқық қорғау топтары және халықаралық қауымдастықтар бұл идеяға мүлдем қарсы болып отыр.
Израильдің сыртқы істер министрі ресми түрде пікір айтудан бас тартты, Оңтүстік Судан басшылығы да мәлімдеме жасаған жоқ.
Бұған дейін Биньямин Нетаньяху Газа қаласын толық бақылауға алу туралы шешімін жариялады. Қазір Израиль әскері Газа секторындағы аумақтың шамамен 75 пайызын бақылап отыр.