Қазақстан блогерлері әлеуметтік желіден тапқан табысы үшін салық төлейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстандағы танымал блогерлер, инфлюенсерлер / Фото: коллаж Kursiv Media

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, келесі жылдан бастап ютуб немесе тик-токтан табыс табатын блогерлер декларация тапсырып, мемлекетке салық төлеуі керек. Бұл заң жүзінде бекітілді деп хабарлады қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Министрдің сөзінше, келесі жылдан бастап Қазақстанда тіркелген 79 шетелдік компаниялар толығымен салық төлейді. Бүгінге дейін олар бюджетке 57 млрд теңге құйған. Енді сол интернет платформалар ғана емес, оған тіркеліп табыс тапқан блогерлер мен инфлюенсерлер де заңды түрде салық төлеуі керек.

«Әлеуметтік желіге қатысты мәселе бойынша. Youtube немесе TikTok біздің азаматтарға ақша төлесе, онда жеке табыс салығы ұсталады. Ол ақпаратты өздері бізге көрсетуі керек. Сізде оқырмандар көп болып, жыл бойы TikTok-тан ақша алсаңыз, жыл қорытындысы бойынша, декларацияға қосымша қосып бересіз», – деп түсіндірді Мәди Тәкиев.

Яғни әлеуметтік желілерден тапқан барлық табысы үшін блогерлер мен инфлюенсерлер 10% жеке табыс салығы ретінде мемлекетке төлеуі қажет.

Тәкиевтің дерегінше, бүгінде 845 блогерге ескерту жіберілді. Оның ішінде 620 блогер жалпы құны 18,141 млрд теңгеге қосымша декларация тапсырған. Тағы 234 блогермен жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жеті блогермен ведомство арасында сот процесі жүріп жатыр.

Youtube және TikTok тәрізді цифрлық платформалардан табыс табатын қазақстандықтар кірісін ашық жариялауы керек екені жайлы бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз