
Eurasian Resources Group (ERG) он жылдан астам уақыт бұрын Лондон қор биржасынан шығып қалғалы бері ең үлкен шығынға батты. Машкевич, Шодиев және Ибрагимовтер отбасына тиесілі холдингтің 2024 жылғы шығыны 1,2 млрд доллар болған. Бұл туралы The Financial Times жазды.
Шығынның көбеюіне не себеп
Басылымның мәліметінше, Люксембургте тіркелген компания тамыз айында қаржы есебін тапсырған. Құжатқа сәйкес, 2024 жылы компанияның салық төлегенге дейінгі шығыны 1,2 млрд доллар болған. Салыстырар болсақ, 2023 жылы холдинг 44 млн доллар шығынға ұшыраған еді.
FT осы компанияның кезінде FTSE 100 индексіне кіргенін, баяғыда құны 13 млрд фунт стерлингке жеткенін еске салып өтті. Басылым осының бәрі компаниядағы билікке талас барысында сағымға айналғанын меңзеді.
Тау-кен тобын құрған үш адамның бірінің ұлы Шухрат Ибрагимов марқұм әкесінің серіктестерінің үлесін сатып алуға ұмтылып жатқаны биыл мамыр айында мәлім болған. 39 жастағы топ-менеджер сол арқылы акцияларды бақылау пакетін алғысы келеді. Шухрат бас директор қызметіне 2024 жылғы қазанда кіріскен.
ERG компаниясы FT-ға жауабында шығынның еселеп артуына теңгенің девальвацияға ұшырауы себеп болғаны айтылған. 2024 жылы ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 15%-ға құнын жоғалтқан. Бір ғана бағам айырмашылығы салдарынан холдинг шамамен 600 млн долларға шығынға батқан. Ал қалған 568 млн доллар қарызды жабуға, берешек шарттарын өзгертуге жұмсалған.
Конгломерат қаражатының ауқымды бөлігін ВТБ, Сбербанк секілді ресейлік банктерден алады. Қаржы мекемелері 2022 жылы Украинадағы соғысқа байланысты ЕО мен АҚШ санкциясына іліккен. 2023 жылғы мәлімет бойынша, компанияның ВТБ алдындағы берешегі 3 млрд доллар болған. ERG 2024 жылға арналған есебінде кредитті қайта рәсімдегенін хабарлаған. Сбербанк кредитіне де осындай әдіс қолданылған.
Машкевич, Шодиев, Ибрагимов үштігі қалдырған мұра
Қаржы есебінде ERG жыл басында Қазақстан үкіметіне 366 млн доллар көлемінде дивиденд төлегені айтылған. Өйткені компанияның 40%-ы үкіметке тиесілі.
Ірі тау-кен компаниясын 1990-жылдары Патох Шодиев, Александр Машкевич және Алиджан Ибрагимов құрған. Олар Совет одағы ыдыраған соң, Қазақстандағы ірі кен орындарын жекешелендіріп алған. Люксембургте тіркелген компанияның 60% үлесі үш отбасыға теңдей тиесілі. Акциялардың қалған 40%-на Қазақстан үкіметі иелік етеді.
2021 жылы Алиджан Ибрагимов қайтыс болғаннан кейін, оның ұлы Шухрат директорлар кеңесінің құрамына кірді. 2024 жылы Шодиев кеңестегі орнын ұлы Сабир Шодиевке босатып берді. Ал Машкевичтің орнын немере інісі Эдуард Сурлевич басты.
Шухрат Ибрагимовтің компания акцияларын сатып алуы туралы келіссөздері былтыр басталған. Биыл наурызда, Александр Машкевич 71 жаста дүние салғаннан кейін, осы мәселе қайта көтерілген.
Бір күн бұрын Kursiv.Media «Еуразиялық банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Александр Машкевичтің өкілеті ресми түрде тоқтағаны туралы жазған.
Биыл ERG-ді америкалық кәсіпкер 5 млрд долларға сатып алғысы келетіні туралы мәлімет тараған. Артынша компания ақпаратты жоққа шығарған.