
Жетісу облысының әкімдігі Сарқан ауданы Екіаша ауылындағы Кіші Басқан су электр станциясында (ГЭС) болған апатқа қатысты ресми мәлімет таратты.
Жергілікті билік ГЭС-тегі төтенге оқиға 12 тамызда сағат 17.00 шамасында болғанын растады. Ресми мәлімет бойынша, Басқан өзені бойында орналасқан ГЭС-2 станциясында «су құбыры жарылған».
«Осы оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат тұрғындарды алаңдатып қойды. Алайда нақты жағдай желіде таралған мәліметтен өзгеше», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Мәлімете қарағанда, қауіпсіздік мамандары тез арада суды бөгеп, оның станция аумағынан тыс жерге таралуына жол бермеген. Өзен маңындағы тұрғын үйлер зардап шеккен жоқ.
«Құбыр жарылып, соның салдарынан су ГЭС ғимараты мен сыртын басты. Кезекшілер электр қуатын ажыратып, су беруді тоқтатты. Сағат 18.00-де құбырдан су ағу тоқтады», – дейді «Baskan Power» ЖШС техникалық директоры Данияр Досабаев.
Оның айтуынша, ғимаратты басып қалған су сорып шығарылды. Енді ішіндегі аппараттарды қалпына келтіріп жатыр.
«Жергілікті халыққа зиян тиген жоқ. Тұрғын үйлер мен қожалықтарды су баспады. Экологияға қауіп жоқ. Су өзен арнасына қайтты», – дейді мекеме өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, Сарқандағы су электр станциясында апат болғаны туралы мәлімет әлеуметтік желілерде тез таралды. Видеолардың бірінен атқылаған судың ғимаратты басып қалғанын көруге болады.