Банк пен қаржы

Теңгенің құнсыздануы Машкевич, Шодиев, Ибрагимов холдингін шығынға батырды

Рудныйдағы ірі шойын өндірісі / фото: shutterstock
Рудныйдағы ірі шойын өндірісі / фото: shutterstock

Eurasian Resources Group (ERG) 2024 жылы 1,2 млрд доллар шығынға бату себебін Kursiv.Media-ға түсіндірді. Кезінде Машкевич, Шодиев және Ибрагимовтер құрған компания оны теңгенің құнсыздануынан көрді.

«Топтың кірістері АҚШ долларымен көрсетіледі. Ал Қазақстандағы ERG активтері үшін функционалдық валюта – теңге. Ол 2024 жылы АҚШ долларына қатысты айтарлықтай құнсызданған. Активтер мен міндеттемелерді қайта бағалауға байланысты, басқа факторлармен қатар, бұл ілеспе қағаз шығындарына әкелді», – деп мәлімдеді компания.

Люксембургте тіркелген компания тамыз айында қаржы есебін тапсырған. Құжатқа сәйкес, 2024 жылы компанияның салық төлегенге дейінгі шығыны 1,2 млрд доллар болған. Салыстырсақ, 2023 жылы холдинг 44 млн доллар шығынға ұшыраған еді.

Кезінде нарықтағы құны 13 млрд фунт стерлингке дейін өскен тау-кен холдингі қазір жаңа стратегияны қолға алған. Компания мұндай өзгерісті Шухрат Ибрагимовтің бас директор болып келуімен байланыстырды.

«Ибрагимов бас атқарушы директор лауазымына тағайындалған сәттен бастап ERG кәсіпорындарға инвестиция салуға, өндірісті кеңейтуге, жаңа цехтар ашуды көздейтін соны стратегияны іске асыруға кірісті», – деп хабарлайды холдингтің баспасөз қызметі.

Ибрагимов бас директор қызметіне 2024 жылғы қазанда кіріскен. Тау-кен тобын құрған үш адамның бірінің ұлы Шухрат марқұм әкесінің серіктестерінің үлесін сатып алуға ұмтылып жатқаны биыл мамыр айында мәлім болған. 39 жастағы топ-менеджер сол арқылы акцияларды бақылау пакетін алғысы келеді.

Компания мәлімдемесінде шығын емес, оң өзгерістер туралы көбірек сөз болды. Мәселен, 2024 жылы ERG «негізгі өнім өндірісін ұлғайтты».

«Ферроқорытпа 14%-ға, темір кені 8,5%-ға, алюминий тотығы 3,6%-ға өсті. Сонымен бірге EBITDA 22%-ға, операциялық қызметтен түскен таза ақшалай кіріс 7,6%-ға өсті».

Ірі тау-кен компаниясын 1990-жылдары Патох ШодиевАлександр Машкевич және Алиджан Ибрагимов құрған. Олар Совет одағы ыдыраған соң, Қазақстандағы ірі кен орындарын жекешелендіріп алған. Люксембургте тіркелген компанияның 60% үлесі үш отбасыға теңдей тиесілі. Акциялардың қалған 40%-на Қазақстан үкіметі иелік етеді.

Бір күн бұрын Kursiv.Media «Еуразиялық банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Александр Машкевичтің өкілеті ресми түрде тоқтағаны туралы жазған.

Биыл ERG-ді америкалық кәсіпкер 5 млрд долларға сатып алғысы келетіні туралы мәлімет тараған. Артынша компания ақпаратты жоққа шығарған.