
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин 15 тамыз күні Аляскада Анкоридждегі әскери базада кездеседі. Бұл туралы CNN дереккөздер мәліметіне сүйене отырып хабарлайды. Бұл уақытта Украина президенті Владимир Зеленский Донбассты ешкімге бермейтінін мәлімдеді.
Телеарнаның мәліметінше, Ақ үй өкілдері жоғары деңгейдегі саммитке дайындалу үшін Аляскаға ұшып барды.
«Ұйымдастырушылар Анкоридж қаласының солтүстік шетіндегі Элмендорф-Ричардсон әскери базасы ғана қауіпсіздік талабына сай келеді деп шешті. Дәл осы жерде жұма күні екі президент кездеседі. Ақ үйдің екі өкілі осылай дейді», – деп жазды CNN.
Ақ үйдің мәлімдеуінше, Трамп пен Путин кездесуі міндетті түрде өтеді, өйткені Мәскеудің өзі соған сұранған.
Бұл уақытта, украин президенті Владимир Зеленский Украинаның шығысындағы аумақтарды тастап кетпеуге уәде берді. Оның пікірінше, Донбасстан бас тартқан жағдайда, Украинада «үшінші соғыс басталады».
«Ресейліктер үшін Донбасс – болашақ шабуылдардың плацдармы іспеттес. Егер біз Донбасстан өз еркімізбен кетсек немесе қысыммен кетірсе, біз үшінші соғысты бастаймыз», – деп мәлімдеді Зеленский журналистермен кездесуде.
2014 жылы Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін заңсыз аннексиялап алды. Ал 2022 жылғы ақпанда Украина аумағына басып әскермен басып кірді.
«Мен өз елімді жығып бергелі жатқан жоқпын, өйткені оған құқымыз жоқ. Егер біз бүгін Донбассты, бекіністерімізді, жоғарыдан басқарып отырған аумақтарымызды тастап кетсек, Ресейге жаңа жорыққа дайындалуға мүмкіндік беріп қоямыз», – деді украин президенті.
Бұған дейін Кремль атысты доғары шарты 2024 жылғы жаздан бері өзгермегенін ескерткен. Мәскеу Украинаның шығысындағы жерлерді Ресей аумағы деп тануды талап етіп отыр.
Осының алдында The Washington Post газеті Ресей атысты доғару үшін Донбассты беруді ұсынды деп жазған. Мәліметті The Wall Street Journal да растаған.
Бір күн бұрын Еуропа одағының елдері мәлімдеме таратып, Украина ел болашағын таңдау еркіндігінен айрылмауы тиіс екенін ескерткен.