
Мұхит асып, Нью-Йорк сахнасынан бастап, Лондонның концерт залдарында өнерін көрсетіп жүрген қазақстандықтар бар. Күллі әлемнен тыңдарман тауып, жүректерінен орын алған әншілерге шолу жасағанды жөн көрдік. Димаш Құдайбергеннен бастап, Бағжан Октябрге дейін аншлаг жасап жүргенінен көпшілік хабардар. Олай болса, Қазақстанның шекарасынан асып түсіп, атағы шетелге жеткен әншілер туралы айтайық.
Dimash Qudaibergen
Жанры: поп, кроссовер, опера, халық әні
Жарқ еткен сәті: қытайлық Singer ән байқауына қатысқан кезінен ерекше танылды (2017)
Концерт географиясы: Димаш Құдайберген әлем аренасында нағыз триумф жасаған әнші деп сеніммен айта аламыз. Оның адал фанаттары шетелдегі концерттеріне қалмай барады, фан-парақша ашып жүргізеді. Тіпті қазақша үйреніп алғандары аз емес. Димаш — Азия, Еуропа, Америка, Таяу Шығыс континентін толық қамтыған өнер иесі.
Концерттері үнемі аншлагпен өтеді. Қандай ғажап шоу ұйымдастырады. Жанды дауыспен салған әні құлақ құрышын қандырады. Ол осы кезге дейін бірнеше әлемдік турне өткізді. Мысалы, Arnau турымен 2019 жылдың аяғында Нью-Йорктен бастап, әрмен қарай Рига, Киев, Мәскеу, Екатеринбург, Қазан, Краснодар, Дубай, Дюссельдорф, Прага қалаларында концерт берді. D-Dynasty туры аясында Шэньчжэнь, Фучжоу, Чанша және Мәскеуде өнер көрсетті. Stranger турнесінде бұрын қамтымаған елдерге барды. Атап айтқанда, Армения, Түркия, Малайзия, Венгрия, Чехияда ән салды. Алдағы уақытта Испания, Ұлыбритания, Германия, Латвияда жеке ән кештерін өткізетінін жоспарға қосып қойған. Концерт өтетін күндер белгілі.
Ерекшелігі: дауыс диапазоны 6 октаваны қамтиды. Академиялық вокалды қазақша мотивпен әдемі үйлестіре алады. Кештерінде домбырамен сүйемелдеп ән салатыны да ерекше. Оған қоса, концертке киетін костюмдері, образы айрықша болып шығады.
Jah Khalib (Бахтияр Мамедов)
Жанры: рэп, R&B, хип-хоп
Жарқ еткен сәті: Лейла, Медина, Мама сынды хит әндерімен танымал
Концерт географиясы: Торонто, Нью-Йорк, Майами, Братислава, Прага, Берлинде кеш өткізіп, концерттерге қатысқан. Басында битмейкер, саунд-продюсер болып бастаған. Кейіннен соло карьераға ауысты. Әнші, әсіресе, постсоветтік елдерде танымал. Forbes Kazakhstan журналы Jah Khalib-ті шоу-бизнестің жарқын жұлдыздарының тізіміне қосқан. Мәскеуде «Алтын граммофон» иеленген. Ресейде жақсы танылып келе жатқан кезінде Украинаны ашық қолдағаны үшін ресейліктер тарапынан «кәнсілге» ұшырады. Сондықтан Ресейдегі концерттері өтпей қалды.
Жақында әнші Өскемен, Шымкент, Алматы, Ақтау және Астана қалаларында тур өткізуі керек болған. Дегенмен кішкентай қызының жағдайы ауыр екенін, соған байланысты турды кейінге қалдыратынын жариялады. Концерттер тамызға жоспарланған еді.
Ерекшелігі: әндерінің сөзі лирикаға толы, шығыс стиліндегі әуезді рэппен үйлестіргені ерекше.
Скриптонит (Әділ Жәлелов)
Жанры: рэп, трэп, фьюжн
Жарқ еткен сәті: Дом с нормальными явлениями (2015) альбомы тыңдарман көңілінен шықты
Концерт географиясы: Кишинёв, Берлин, Варшава, Рига, Белград, Лимасол, Тбилисиде ән кештерін өткізген. Скриптонит өз өнерін «қазақстандық рэп» деп атағанды жақсы көреді. Өзін ресейлік орындаушы деген атағандарды ұнатпайтынын да ашық айтып жүреді. Әндерінің сөзін жазып қана қоймай, аранжировкасын да көбіне өзі жасайды.
Ерекшелігі: әндерінде блюз бен джаздың қосындысы, кино эффектерілері бар. Жанды бэндпен өнер көрсететінін де ерекшелік деп айтуға болады.
Imanbek (Иманбек Зейкенов)
Жанры: EDM, deep house
Жарқ еткен сәті: Roses ремиксін шығарды (SAINt JHN), Грэмми сыйлығын иеленді (2021)
Концерт географиясы: Lollapalooza Berlin, АҚШ, Бразилия, Италия, Дания, Норвегияда фестивальдерге қатысты. Айта кететін жайт, Иманбек — классикалық емес музыка санаты бойынша бұрынғы КСРО, ТМД аймағынан шығып, Грэмми иеленген тұңғыш музыкант.
Ерекшелігі: Ақсуда диджей болып жүрген жерінен әлем жұлдыздарымен коллаборация жасап, лезде танылды.
Қайрат Нұртас
Жанры: поп, қазақ эстрадасы
Жарқ еткен сәті: талай хит әннің авторы, халық арасында өте танымал
Концерт географиясы: Желіде Қайраттың шетелде тыңдарман жинап, аншлагпен концерт өткізгені туралы ақпарат жоқтың қасы. Дегенмен қазақ диаспорасына арнап Еуропада өнер көрсеткенін атап өтуге болады. Жалпы алғанда Ресей, Өзбекстан, Түркия елдерінің сахнасына шыққан.
Ерекшелігі: ел аумағындағы ең танымал әншілердің қатарында, ұлттық колорит қосылған лирикалық эстрада өкілі.
Бағжан Октябрь (Bagzhan October)
Жанры: инструменталды музыка, неоклассика
Жарқ еткен сәті: Soul Therapy бағдарламасымен sold out кештер өткізеді
Концерт географиясы: Қырғызстан, БАӘ, Кувейт, Грузия, Әзірбайжан, Түркия, Нидерланд, Германия, Бельгия, Франция елдерінде аншлагпен бірнеше мәрте жеке кешін өткізді. Қазіргі таңда Ruh Terapisi деген атпен Түркияда кештері өтетінін анонс қылып жоспарлап қойған.
Ерекшелігі: виолончельде шебер ойнап, авторлық мелодиялар мен мультимедиялық визуалды әдемі үйлестіреді. Сонысымен күллі әлемнен фанат жинайды.
Turan ансамблі
Жанры: этно-фольклор, world music
Жарқ еткен сәті: Қазақтың дәстүрлі музыкасын танытатын халықаралық турлар өткізеді
Концерт географиясы: «Тұран» осы кезге дейін әлемнің 70-ке жуық елінің сахнасында өнер көрсеткен. Оның ішінде Америка, Франция, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және т.б елдер бар.
Ерекшелігі: халық аспаптарында шебер ойнайды. Театрландырылған қойылымдар көрсетіп, қазақтың күйін шетелде танытып жүр.
FORTE TRIO
Жанры: академиялық музыка
Жарқ еткен сәті: халықаралық фестивальдерге жиі қатысады, ҚР мемлекеттік триосы деген статусы бар
Концерт географиясы: Қытай (Shanghai Cadillac Concert Hall), Франция (Париж, Лион), Германия (Берлин филармониясы), Бразилияда өнер көрсеткен.
Ерекшелігі: классикалық және қазақ музыкасын академиялық аранжировкамен ұсынады. Оған қоса батыс пен ұлттық дәстүрдің үйлесімін көрсетеді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда өнер көрсеткен не жабық кештерге келген әлем жұлдыздарына шолу жасаған едік.