Қазақстанда ең төменгі жалақы 90 мыңға өсе ме – Серік Жұманғарин жауап берді

Ұлттық экономика және премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин осыған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) көтеруге қатысты айтылған жоспарға пікір білдірді.
Үкімет қабырғасында өткен брифинг барысында журналистер Қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 90 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігі туралы мәлімдемелерін еске салды.
«Бізде шын мәнінде ең төменгі жалақыны көтеру жоспары қарастырылып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта ол – 85 мың теңге, ЕТЖ-ны көтеруді қарастырмаймыз», – деп жауап берді вице-премьер.
Қаржы министрі Мәди Такиев те бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді. Министр бұған дейін тек болжамды есептер жайлы айтылған деп сендірді.
«Біз тек есеп екенін айтқанбыз. Егер сол көрсеткіштерге қарасақ, ең төменгі жалақының орташа шамасы шамамен 90 мың теңге болуы керек еді. Бірақ қазіргі жағдайды ескере отырып, біз оны осы деңгейде қалдыруды ұйғардық», – деді ол.
Айта кетейік Қазақстанда 3 млн адам – небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 млн 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Мұндай деректі Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев келтірген болатын.