Джей Ло концерті кезінде қонақүйлер бағаны көтергенін білеміз – Қаржы министрі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Джей Ло концерті кезінде қонақүйлер бағаны көтеріп жіберген / Фото: kursiv.media архиві   

Жуырда Астана мен Алматыда концерт берген әйгілі әнші Дженнифер Лопес ел бюджетіне қанша қаржы әкелді? Бұл сұраққа Үкімет мүшелері жауап берді.

Қаржы министрі Мәди Такиев мұндай деңгейдегі концерттерді өткізу қай жағынан алып қарасаң да тиімді екенін айтады.

«Жалпы тиімді, біріншіден, Джей Ло жалғыз келмейді, оған  көрші мемлекеттерден туристер келеді. Астанада өткен концертке 5 мыңға жуық турист келді, Алматыдағы концертіне 7 мыңға жуық турист келді. Олардың бәрі қонақүйге, мейрамханаға барады, қаланы көреді. Біз санағанда бір турист кемінде 1 мың доллардан қалдырып кетеді», – деп жауап берді Мәди Такиев үкіметте өткен брифинг барысында.

 Министр салық түсімі, экономика жағынан маңызды тұстары барын атап өтті.

«Салыққа келсек, біз әлі санаған жоқпыз. Салықтың уақыты әлі келген жоқ. Дегенмен сырттай бақыладық, қандай қонақүйде ненің бағасы көтерілді, мейрамханалардың бағасы қаншаға қымбаттады, кассаны қаншаға ұрғанын қарап отырмыз.  Ол соманы декларация қалай тапсырады, сол кезде қарастырамыз», дейді ол.

Ал премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин концерттен түсетін табысқа қатысты ұйымдастырушылармен жеке сөйлескенін айтады.

«Концертті ұйымдастырушымен сөйлестім, ол 400 млн теңге түседі деп өз жариялаған болатын. Бірақ салық декларациясын тапсыру мерзімі 25 қарашаға дейін, содан кейін 25 күннің ішінде төлеуі керек. Оның сөзіне сенсек, жоспар 400 млн теңге. Нақты қандай болатынын көреміз»,  деп толықтырды Жұманғарин.

Бұған дейін, Дженнифер Лопес концертіне жалған билет сатқан күдікті қамауға алынған болатын. Сондай-ақ әншінің Алматыдағы концертіне ерікті ретінде кәмелетке толмағандарды тартқаны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз