Шавкат Рахмонов UFC октагонына қашан оралады

UFC-дегі белгілі қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров файтердің жыл соңына дейін октагонға оралуына қатысты сұраққа жауап берді. Ресейлік маман Рахмоновқа қатысты жағдайды «өте күрделі» деп сипаттады.
«Шавкатқа қатысты нақты ештеңе айта алмаймын. Белгілісі, қазір Шавкат жаттығу жасап, жұмыс істеп жүр. Әрине, жағдай өте күрделі. Жұмысқа моральдық тұрғыда дайындалу да оңай емес», — деді Базров Legalbet.kz-ке берген сұхбатында.
Жамбыл облысында орын алған жол апатынан кейін спортшы көпшілік алдында көрінбей кетті. Еске салып өтсек сол апат барысында Рахмоновтың жұбайы мен ұлы болған. Ал спортшының жары Гүлайым Рахмонова екі досының өмірі қиылған апат бойынша істе куәгер ретінде танылған.
Базров Рахмоновтың жоспарлары жайлы нақты болжам жасағысы келмейтінін жеткізді. Спортшының өзі жыл соңында октагонға оралуды көздеген, алайда бұл мәлімдемені ол жол апатына дейін берген сұхбатында айтқан. Аралас жекпе-жек жанкүйерлеріне енді Рахмоновтың келесі жекпе-жегі туралы жаңалықты өз аузымен хабарлауын күту ғана қалды.
«Ол жаттығуын жалғастырып жатыр. Бірақ бұдан әрі не болатынын тек Жаратқан ғана біледі», – деді Базров.
Егер Рахмонов жыл соңына дейін октагонға оралса, оның қарсыласы жартылай орта салмақта рейтингтің екінші сатысында тұрған америкалық Шон Брэди болуы мүмкін. Брэди титулдық жекпе-жекте Рахмоновпен кездесуге дайын екенін білдірген.
30 жастағы Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесіндегі чемпиондық белдікке басты үміткерлердің бірі. Оның кәсіби мансабында 19 жеңіс бар және бірде-бір жеңіліс жоқ. Бұл жеңістердің жетеуі UFC-де тіркелген, оның алтауы — мерзімінен бұрын аяқталған. Қазіргі таңда Рахмонов дивизион рейтингінде үшінші орында тұр. Соңғы рет ол 2024 жылдың 7 қазанында октагонға шығып, ирландиялық Иэн Гарриді төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын.