Зеленский Дональд Трамппен видеоконференцияға қатысу үшін Берлинге келді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Зеленский Трамп және Еуропа елдерінің көшбасшыларымен видеоконференцияға қатысады / Фото: Shutterstock

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен видеоконференцияға қатысу үшін Берлинге келгені белгілі болды.

DW хабарлауынша, кездесу Германия канцлері Фридрих Мерцтің бастамасымен өтуде және 15 тамызда Аляскада Ресей президенті Владимир Путинмен өтетін Трамптың келіссөздерінен бұрын ұйымдастырылған.

Кездесуге Зеленский, Трамп және Мерцтен бөлек Ұлыбритания, Италия, Польша, Финляндия, Франция басшылары, Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта, НАТО бас хатшысы Марк Рютте және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс қатысады.

Германия үкіметінің мәліметінше, көшбасшылар Ресейге қысымды күшейту, ықтимал бейбіт келіссөздерге дайындық, аумақтық даулар мен қауіпсіздік мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, келіссөздердің басты мақсаты — атысты тоқтату туралы талқылау кезінде АҚШ-тың Украина мүдделерін ескеруіне көз жеткізу. Бұған дейін Трамп ықтимал мәміле аясында «аумақтарды алмастыру» нұсқасын қарастырып жатқанын айтқан еді. Бұл Киев пен Еуропа астаналарында алаңдаушылық тудырды.

«Бірнеше минуттан кейін еуропалық көшбасшылармен сөйлесемін. Олар — келісім жасағысы келеді», — деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Айта кетейік АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин 15 тамыз күні Аляскада Анкоридждегі әскери базада кездеседі. Бұл уақытта Украина президенті Владимир Зеленский Донбассты ешкімге бермейтінін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз