Алматыдағы ең ірі жылыжай 6 айда қызанақ сатудан 1 млрд теңгеге жуық табыс тапты

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы ең ірі жылыжайлардың біріне иелік ететін BRBAPK компаниясы 901,4 млрд теңге табыс тапты. Бұл туралы компанияның AIX-те жарияланған қаржылық есебінде айтылған.
BRBAPK Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан 17 гектар жер телімін ұзақ мерзімді уақытша пайдалану құқығына ие. Осы аумақта компания 2016 жылы жылыжай кешенін салып, онда қызанақ, қияр, бұрыш, баклажан және басқа да көкөністер өсіреді. Бұл қала аумағында орналасқан алғашқы жылыжай кешені.
2025 жылдың бірінші жартысында компанияның жалпы табысы 2,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 2,3 млрд теңге – қызанақ сатудан, ал 57,6 млн теңге – қияр сатудан түскен. Сатылған өнімнің өзіндік құны 1,4 млрд теңгені құрады.
Компанияның құрылтайшысы – Nomad Agro Land, оның иелері – Ақмарал Мұқатова мен Лариса Подпалова.
2023 жылы BRBAPK компаниясындағы үлестің бір бөлігі Baiterek Venture Fund қорына тиесілі болды. Дәл осы қордың қаржылай қолдауымен жылыжай кешені салынған. Алайда 2024 жылдың желтоқсан айының соңында BRBAPK қордың 8,3% үлесін 999,8 млн теңгеге қайта сатып алған.
2024 жылы BRBAPK компаниясының Small, Galmart, Metro, Arbuz сияқты ірі бөлшек сауда желілерімен келісімшарттары бар екені хабарланған болатын. Компания аталған сауда желілеріне ай сайын 600 тоннаға дейін өнім жеткізеді.
Еске салсақ жуырда Президенттің Түркия Республикасына ресми сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Sine Midas Stroy компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ахмет Буданмен келіссөз жүргізді. Тараптар кездесуде Шымкент қаласында заманауи өнеркәсіптік жылыжай салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мүмкіндіктерін талқылаған.