Берденовке оқ атқан Жиембайдың көлігінен 20 оқ табылған

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ернар Жиембайдың көлігінен 20 дана оқ табылғаны айтылды. Оқты тергеушілер айыпталушының автокөлігінен айғақ зат ретінде тәркілеген.
Іс материалдарына тіркелген видеоларда оқиға сәтінен бөлек оқиға орнында тәркіленген заттай дәлелдемелер көрсетіле бастады. Жәбірленуші тараптың сотта хабарлауынша, Ернар Жиембайдың әкімдікке дейін айдап барған көлігі айыппұл тұрағында емес, қалалық полиция департаментінің автотұрағына қойылған. Көлік ішінде жұмыс құжаттары қалып қойған. Ал бұл құжаттар іске қатысы жоқ болған соң тіркелмеген. Ал полиция сол құжаттарды алып кетуге рұқсат бермеген.
Сонымен бірге сотта қарудың қобдишасы, жәбірленушінің ұялы телефоны сияқты заттар көрсетілді. Ұялы телефон сынып кеткенімен, оның қосулы тұрғанын көрген судья айыпталушыдан телефонды ашу кодын сұрады. Прокурорларға оны жазып алуды тапсырды.
«Прокурор жазып алдыңыз ба? Телефон айғақ зат ретінде танылған. Келесі сот отырысына телефонды ала келіңіздер. Көрейік, ашайық ішін. Мүмкін іске қатысты дәлелдер табылып қалар»,– деді судья Абинұр Қарабаев.
Прокурор іске тіркелген құжаттарды оқып, айыпталушының көлігінен не табылғанын айтып берді.
«Автокөлікті тексеру кезінде мына заттар тексеріліп алынды: қара түсті фуджима маркалы жаднама, 1 дана автокөліктің қашықтан басқару құралы, 1 дана қоңыр түсті арнайы зат салатын сөмке, 2 дана қорап, 20 дана патрон алынған» деді прокурор.
Осы кезде судья «Аңшылыққа баратын киімдері табылмаған ба?» деп сұрады прокурордан. Ол жоқ деп жауап берді.
Қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты сот тергеуі ертең, 15 тамыз күні жалғасады.
Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған. Жәбірленуші денсаулығына байланысты әзірге сот тергеуіне қатыспады. Оның құқығын сотта заңды өкілі қорғап жүр.
Бұдан бұрын сотта Ернар Жиембайдың 5 рет оқ атқан сәті көрсетілген. Оқиға қала әкімдігі ғимаратының бейнебақылау камерасына түсіп қалған.