Сайрамда көршілер арасындағы жанжал төбелеске ұласып, 5 адам ауруханаға түскен

Түркістан облысы Сайрам ауданы Көлкент ауылында көршілер арасындағы тұрмыстық жанжалдың арты төбелеске ұласқан. Осының нәтижесінде 5 адам түрлі дене жарақатын алған. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бейресми ақпаратқа қарағанда, көршілер екі орам шөпке таласып қалған.
Өзін Түркістан облысы Сайрам ауданы Көлкент ауылының тұрғынымын деп таныстырған азаматтың әлеуметтік желіде хабарлауынша, көршісі бір топ адаммен жабылып отбасы мен досын сабап тастаған. Төбелес шамамен бір сағатқа созылған. Отбасымен соққыға жығылған соң, жұртты айқайлап көмекке шақырған. Өзге көршілері екі тарапты ажыратып алған.
«Содан соң біз ауруханаға бардық. Ауруханада да олар бізге қысым жасады. Айқай-шу шығарды. Менің ернім жыртылды, қолым сынған. Досымның беті сынған. Әкемнің басы жарылған. Анам әлі күнге қалтырап, ауруға шалдықты. Әлі күнге алаңдап, дірілдейді», – дейді арызданушы.
Оның айтуынша, Сайрам ауданындық ауруханасы алған жарақаттарын дұрыс емдемеген. Толық емдемей, үйіне жіберген. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы оның бұл шағымын жоққа шығарады.
Басқарманың мәліметінше, оқиға 13 шілде күні болған. Аудандық ауруханаға түрлі жарақатпен 5 адам жеткізілген. Олар 12 күн ауруханада қажетті ем-домын алған.
«Сайрам орталық аудандық ауруханасына бес зардап шеккен адам түсті. Олардың барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп, бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес толық тексеруден өтіп, ем қабылдады. Жарақаттар қатарында – бас миының зақымдануы, жұмсақ тіндердің соғылуы, сондай-ақ қабырға мен алақан сүйектерінің сынуы бар. Оқиға фактісі науқастар түскен күні-ақ полицияға дереу хабарланды», – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Бейресми мәліметке қарағанда, көршілер екі орам шөпке таласып жанжалдасқан. Соңы төбелеске ұласқан. Арызданушы аты-жөнін атап, ұрып-соқты деген көршілерімен сөйлесу әзірге мүмкін болмай тұр.
Арызданушы оқиғаға Сайрам аудандық полиция бөлімі қызметкерлері салғырт қарады деп айыптайды. Әйткенмен, облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, төбелес тұрмыстық жанжалдан басталғанын хабарлады.
«Сайрам ауданында дене жарақатын алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға қатысқандардың барлығы полицияға жеткізіліп, жауап алынды. Тергеу кезінде көршілер арасындағы қақтығыс тұрмыстық негізде болғаны анықталды» деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаменті.
Полиция тараптардың дәлелдері зерттеліп жатқанын, тергеу нәтижесіне сай олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін хабарлады.
Мұның алдында Шымкенттегі ауруханада жанжал шығарған жігіт қамауға алынғанын жазғанбыз.