Шымкентте аудан әкімдігінің ғимараты өртеніп кетті

14 тамызға қараған түні Шымкент қаласындағы Абай аудандық әкімдігінің ғимараты өртке оранды. Өрт ғимарат шатырынан шыққан. Өрт сөндіру кезінде әкімдік ғимараты орналасқан Тәуке хан даңғылы көшесінде қозғалыс уақытша тоқтатылды.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, өрт туралы хабарлама түнгі сағат 03:19 шамасында түскен. Өрттің жалпы көлемі 1200 шаршы метрге жеткен. Өрт таңсәріде сағат бес жарым шамасында толық сөндірілген.
Өрттен зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
«Өртті сөндіруге Шымкент қаласы 21 бірлік техника және жеке құрамнан 88 адам, апаттар медицинасы орталығынан 1 техника, 3 адам, жергілікті атқарушы органнан 2 техника, 2 адам жұмылдырылды» делінген қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хабарламасында.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, өртке байланысты тексеру басталған. Арнайы сараптама тағайындалған.