Жаңалықтар

Руслан Берденов кабинетінде ұсталған шенеунікке қатысты мәлімдеме жасады

Берденов жазба жариялады/фото: мәжілістің баспасөз қызметі

Шымкент әкімі орынбасары Руслан Берденов өзі туралы тағы бір жалған мәлімет тарап жатқанын айтып, жазба жариялады.

«Бүгін ұсталған Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Әбдешовке қатысты кейбір дереккөз таратқан ақпаратты жоққа шығарамын.

Оның «менің адамым» екендігі жөніндегі кез келген мәлімдемелердің ешқандай негізі жоқ. Менің оған еш қатысым жоқ. Ол бұл лауазымға мен әкімдікке келгенге дейін тағайындалған», – деп жазды Берденов.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысы Арман Әбдешов ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Әбдешовті жұмыс орнынан бірден уақытша ұстау изоляторына әкеткен.

Руслан Берденов ісі

2025 жылдың 21 сәуірі кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің бірнеше жеріне оқ тиіп, ауыр жарақат алды. Қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры Ернар Жиембай күдікке ілінді. Ол сотта мұндай әрекетке баруына қызғаныш себеп болғанын айтты.