Прокурор 46 кенші қазасынан кейін қамалғандарды 8 жылға дейін соттауды сұрады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Костенко ісінде жарыссөз жалғасып жатыр/фото: kursiv.media

«Костенко» шахтасында 46 кенші қаза тапқан іс бойынша сот жарыссөз басталды, деп хабарлайды KursivMedia.

Прокурорлар Әділ Садықов және Бекзат Әшірбеков істегі 10 сотталушыны 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Айта кетейік, оларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айып тағылған. 

Сергей Мустивконы (шахта директоры) 8 жылға бас бостандығынан айыруды;

Вадим Ерёминді (шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары) 8 жылға бас бостандығынан айыруды;

Николай Грозновты (шахтаның бас инженері) 8 жылға бас бостандығынан айыруды;

Виктор Коптенковты (апат болған №6 учаскенің бастығы) 8 жылға бас бостандығынан айыруды;

Владимир Гонноченконы (бас инженердің орынбасары);

Дмитрий Федоренконы (бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары) 7 жылға бас бостандығынан айыруды;

Виталий Пестрякті (желдету және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бастықтың көмекшісі) 7 жылға бас бостандығынан айыруды;

Владимир Шишкановты (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы) 6 жылға бас бостандығынан айыруды;

Төлеген Габдушевті (конвейерлік көлік учаскесінің бастығы) 7 жылға бас бостандығынан айыруды;

Дмитрий Коцарды (шахтаның бас механигі) 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

«Костенко» шахтасындағы апат

2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды. Осы апаттан кейін президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Содан кейін ArcelorMittal және Қазақстан үкіметі меншік құқығын Қазақстан Республикасына беру жөніндегі мәміле туралы алдын ала келісімге қол қойды.

2023 жылдың 8 желтоқсанында ArcelorMittal мемлекет бақылауындағы Qazaqstan Investment Corporation (QIC) тікелей инвестициялар қорына «АрселорМиттал Теміртауды» сату аяқталғанын жариялады.

500 млн теңге өндіруді сұрады

Сот материалдарына сәйкес, жәбірленуші Михаил Яковенко сотталушылардың әрқайсысынан 5 млн теңге көлемінде, жалпы 50 млн теңге моральдық шығынды өндіріп алу туралы өтінішпен жүгінген. Жәбірленуші Павл Вашкевич, Қанат Мустафин, Жасұлан Қойшығарин, Андрей Корнеев, Әділ Дусикенов, Ивана Морченко, Әсет Жукушев те дәл осындай талап арыз жолдаған.

Жәбірленуші Рамиса Айтметовадан сотталушылардан жалпы 30 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы талап арыз түскен.

Жәбірленуші Анатолий Попов қылмыстық істегі сотталушылардан жалпы 15 млн теңге өндіруді сұраған.

Сот қаулысымен жәбірленушілер осы қылмыстық іс бойынша азаматтық талапкер деп танылады. Ал сотталушылар азаматтық жауапкер болды.

Сондай-ақ оқыңыз