Шерзат ісіндегі екі әйелге неге әлі іс қозғалмағаны айтылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісіндегі екі әйелге іс қозғалмаған/коллаж kursiv.media

Шерзат Полат ісіне куә ретінде қатысқан Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбековаға қатысты прокуратура тарабынан әлі ешқандай шара қолданылмаған. Бұл туралы Алматы облысы прокуратурасы KursivMedia ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Айта кетейік, Шерзат Полаттың қазасынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша 9 адам сотталды. Оқиға орнында болған екі әйел сотқа куә ретінде қатысты. Үкім шығарған судья Ержан Жанұзақов Жақсыгелді мен Нұрбековаға қатысты жекеше қаулы шығарып, ол туралы шешім қабылдауды прокуратураға жүктеді.

«Рузбакиев, Қазекенов, Нұрбекова, Жақсыгелдіге қатысты тексеру жүргізу қажеттілігі туралы Алматы облысы прокурорының назары аударылсын. Жекеше қаулыны қарау, қолданылған шаралардың нәтижесі туралы Алматы облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 1 айдан кешіктірмей хабарлансын», – делінген судья Жанұзақов шығарған қаулыда.

Прокуратураның хабарлауынша, судьяның жекеше қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Себебі сот актісіне тараптар апелляциялық шағым түсірген.

«Қылмыстық іс облыстық сот өндірісінде. Сондықтан жекеше қаулы заңды күшіне енгеннен кейін процестік шешім қабылданады», – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ Алматы облысы прокуратурасы жекеше қаулын бойынша процестік шешім қабылдауды облыстық полицияға жүктеген.

Айта кетейік, Шерзат Полаттың қазасынан кейін сотталған 8 адам үкімге апелляциялық шағым түсірді. Сотталғандардың шағымы 18 тамызда қаралады

9 адам сотталды

Абзал Шынасыл  23 жылға бас бостандығынан айырылды.

Равиль Сакиев 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Азамат Тоқтаубаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Шыңғыс Белғожаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дархан Әскентай 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нұрқияс Ілиясов 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нұрбол Тоқтаубаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дидар Қалиахмет 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

1,5 жылға сотталған Думан Ысқақ бостандыққа шықты.

Сондай-ақ оқыңыз