Жаңалықтар

Петропавлда Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылды

Петропавлда Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылды
Петропавлда Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылды/Фото: primeminister.kz

Петропавлда ақын, ойшыл, ағартушы Мағжан Жұмабаевтың есімін иеленген елдегі алғашқы ғылыми-мәдени хаб – «Мағжан орталығы» ашылды, деп хабарлады Үкімет сайты.

Хабарламада жаңа орталық тек тарихи мұраны жаңғырту орны ғана емес, ғылыми зерттеулер, мәдени-ағартушылық бағдарламалар, халықаралық диалогтар мен шығармашылық жобалар жүзеге асатын заманауи зияткерлік кеңістік болатыны айтылған.

Салтанатты шараға қатысқан Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев тарихи тұлғаларды ұлықтау – біздің парызымыз ғана емес, ол – тәуелсіздіктің рухани тірегі, ұлттық сана-сезімнің берік іргетасы екенін атап өтті.

«Мағжан Жұмабаев сияқты бірегей тұлғаға арналған орталықтың ашылуы – бүкіл ел үшін маңызды оқиға. Мағжан: «Мен жастарға сенемін» деді. Бүгінде оның «Батыр Баян», «Қорқыт» поэмалары, «Педагогика» оқулығы және басқа да туындылары жас ұрпақты отансүйгіштікке, елге адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелеуді жалғастырып келеді. Бұл орталық Мағжан рухын жастарға жеткізіп, оларды батыл ойлауға, абыроймен әрекет етуге және туған жерге адал болуға шабыттандырады»,  – деді Ермек Көшербаев.

«Мағжан орталығының» ішкі кеңістігі ақын тұлғасының сан қырын және шығармашылық мұрасының ауқымын көрсетеді. Мұнда Мағжан Жұмабаевтың жұмыс кабинеті тұрмыстық заттарымен бірге қайта жасалған. Орталықта конференц-зал, заманауи кітапхана, мұрағат құжаттарын зерттеу кабинеті, «Мағжан» журналының редакциясы жұмыс істейді. Интеллигенцияға арналған шығармашылық алаң және «Мағжантану» әдеби клубы ашылып, онда кездесулер, пікірталастар, тақырыптық кештер өтпек.

Орталық XIX ғасырдың сәулет ескерткіші мәртебесіне ие ғимаратта орналасқан. Ғимаратқа кешенді реставрация жүргізіліп, XIX ғасырдағы сирек кездесетін альфрейлі өрнектер қалпына келтірілген. Дизайнын ҚР суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков әзірлеген, ал жұмыстар Түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау қорының қолдауымен атқарылған.

Бұған дейін, Алматыда президент тапсырмасымен басталған алғашқы ұлттық «Абай» мектебі жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын екені хабарланған