
Аружан Мағзұм есімді блогер Балқаш көліндегі «Көктем» демалыс аймағында құтқарушы-қызметкерлердің кесірінен әпкесі суға батып кете жаздағанын хабарлап, құтқарушылардың әрекетсіздігіне шағымданды.
Оның айтуынша, бір топ қыз «диван» деген су аттракционына отырған. Аттракционды басқарған қызметкерлер қатты шайқай бастағанда тоқтауын өтінген. Алайда олар аттракционды шайқауды жалғастырып, бәрі суға ұшып түскен.
«Мен бірден жүзе алмайтын сіңліме қарай бет алдым, ол батып бара жатты, өйткені жилетті дұрыс кигізбеген. Мен оны дем ала алсын деп көтеріп тұрдым. Екі әпкем «диванды» жақын тартып, соған жармасуымызға көмектесті. Біз өмір үшін арпалысып жатқанда, катер жүргізушілері күліп қарап тұрды, айқайымызға құлақ аспады. Бір сәтте әпкем есінен танып, басы су астына кетті. Сол кезде ғана жүргізушілердің бірі суға секіріп, бізге қарай жүзе бастады. Ал екіншісі катерде қалып, газды басып жіберді! «Диванды» тартып келе жатқан басқа сіңлімнің купальнигі арқанға оралып, ол суға сүйреліп, жилеттен басын көтере алмай, тұншыға бастады. «Тоқта!» деп айқайладық, бірақ жүргізуші артына да қарамады. Оны тағы бір әпкем су бетіне тартып шығарды. Осы сәтте гидроциклдегі құрбымыз қасыма келіп, екеуміз ес-түссіз жатқан сіңлімді көтеріп шығардық», – дейді ол.
Жағаға шыққан соң әпкесі тілін жұтып, есінен тана бастаған.
«Осы сәтте құтқарушылар қарап, күліп тұрды» деген ол үш әпкесін жедел жәрдем алып кеткенін, біреуіне су жұтып қойғаннан болған «аспирациялық пневмония» диагнозы қойылғанын атап өтті.
Жәбірленушілер болған оқиғағы қатысты полицияға шағым түсірген. Қарағанды облысы Полиция департаменті аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.
«Оқиғаға қатысы бар барлық адамдар анықталып, жауап алынды. Құқық бұзушылықтың жасалуына себеп болған жағдайлар мен мән-жайларды толық анықтау, сондай-ақ кінәлілерді заң аясында қатаң жауапкершілікке тарту мақсатында қажетті барлық тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қарағанды облысы Полиция департаменті: азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мұндай құқық бұзушылықтарға қатаң түрде шара қолданатынын ескертеді. Кінәлілер лайықты жазасын алады», делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек Қапшағайда көзінше әйел адам суға батып кеткенін, құтқарушылар кешігіп келгенін айтқан.