
Қаланың қым-қуыт тілшілігінен шаршағандар кейде жер үйді аңсайды. Сол сияқты жер үйдің жұмысынан қажып, тып-тыныш отырғысы келетіндер пәтерге көшкісі келеді. Алайда қай-қай таңдаудың да екінші жағы болатынын ұмытпаған жөн. Олай болса, пәтер мен жер үйдің артықшылығы мен кемшілігін, кімге сай келіп, кімге келіңкіремейтінін сөз етеміз.
Пәтер
Артықшылығы
Инфрақұрылымға қолжетімділік. Пәтерде дүкен, балабақша, мектеп, қоғамдық көлік пен емхана сияқты әлеуметтік нысандар жақын болады. Түрлі үйірме, орталық сияқты оқу-дамыту орындары, фитнес клуб, жаттығу залы, бассейн секілді хоббимен айналысуға болатын жерлер көп. Мәдени, демалыс орындарына бару жеңіл.
Пәтер артық әурені ұнатпайтындар үшін әдемі нұсқа. Жылу, су келіп тұр. Бөлек бақылап, қарап жүрудің қажеті жоқ. Шатырды ауыстыру керек, қасбетті жаңалау қажет деп бас қатырмайсың. Шағын болғандықтан жөндеу жұмыстарына азырақ шығын кетеді.
Әсіресе жұмысбасты адамдардың қолын пәтер үй шаруасынан көп босатады.
Кемшілігі
Пәтер қалай дегенмен тар келеді. Қонақ келгенде үйге адам сыйғызу, маусымдық киімдерді, артық заттарды қоятын орын табу қиын. Отбасыңыз үлкен болса, бұл мәселе өткірлене түседі. Сырттың шаруасына жақын адам пәтерге сыймайды. Әсіресе ауылдың кең даласына үйренген үлкен кісілер пәтерде өзін қысылғандай сезінуі мүмкін.
Кейде көршілер, ауладағы балалар, арлы-берлі өткен машина мен мопедтер тыныштық бермей, мазаны қашырады.
Көлікке орын табу мұң, әр отбасында екі көлігі бар көпқабатты үйлерде бұл кәдімгідей проблема.
Коммуналдық қызметтердің теріс жағы да бар. Ауа райына байланысты жылуды ертерек қосу немесе ертерек өшіру мүмкіндігі жоқ. Аудандағы құбырда жөндеу жұмысы жүріп, апталап сусыз отырып қалатын кездер болады.
Жер үй
Артықшылығы
Жер үй қашан да кең. Қонақты емін-еркін күтесің. Аулаға шатыр тігіп, құдалық жасауға да ыңғайлы. Кәуап пісіріп, туыстармен, достармен көңілді отырыс жасаймын десең ешкім қой демейді.
Жер үй жеке кеңістік сыйлайды. Көлігімді қайда қоямын деп бас қатырмайсың. Аулаға бассейін жасап, жаз бойы қызығын көруге болады. Бау-бақшаға күтім жасауды жаны сүйетіндер жер үйде өзінің ермегімен армансыз айналыса алады. Артық заттарды қоятын орын қашан да табылады. Спортпен шұғылданатындар үшін әуесқой залға жер жетеді. Үйдің моншасына түскім келеді, жантайып тапшанда шәй ішемін, жазда далада ұйықтаймын деушілер үшін де жер үй ыңғайлы. Жыбырлап, бірдеңе жасап жүргенді ұнататын жандарға жер үйде жұмыс әрдайым табылады.
Кемшілігі
Инфрақұрылым. Жер үйлер көп жағдайда қаланың сыртында болғандықтан, қалаға қатынау уақыт пен күш алады. Алматы сияқты кептелісі көп қалада жұмыс істейтін, оқитындардың алтын уақыты сағаттап жолға кетеді. Кейін жер үй тұрған маңда жақсы мектеп, аурухана, балаларды оқыту, дамыту орталықтары мен үйірмелер болмауы мүмкін. Ондайда тағы әр кез қалаға сабылуға тура келеді.
Шығыны. Кең үйді күтіп-ұстаудың шығыны да аз емес. Төрт-бес жыл сайын үйдің түсқағазын ауыстыру, оншақты жылда бір үйдің қасбетін, шатырын, қоршауын жаңарту, жылу, кәріз жүйелерін жасау сияқты жұмыстар шығып тұрады.
Күтіп-ұстау. Жер үйді жыл он екі ай жуып-тазалау, күзде ауланы жапырақ пен қураған шөптен, қыста қардан тазарту өз алдына жұмыс.
Жер үй мен пәтердің әркім үшін индивидуал оң, теріс жағы болуы мүмкін. Біз тек негізгілерін тізіп шығуға тырыстық.
Бұған дейін, жөндеу кезінде ақшаны қалай үнемдеуге болатыны туралы қарапайым кеңестер жайлы жазғанбыз.