QJ League: «Қайрат» Атлетико Мадридке қарсы ойынға өз ойыншыларын жібермей қойды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
QJ League: "Қайрат" өз ойыншыларын жібермей қойды
«Қайрат» Атлетико Мадридке қарсы ойынға өз ойыншыларын жібермей қойды / фото: qjl.kz

23 тамыз күні Алматыда Freedom QJ League жұлдыздары мен испаниялық «Атлетико Мадрид» жастар құрамасы ойын өткізеді.

Лига мәлімдемесінде «Қайрат» футбол клубы өз ойыншыларын мадридтік «Атлетико» жастар командасына қарсы ойынға жібермейтінін ресми түрде хабарлаған.

2025 жылдың шілдесінде Лига «А» біріншілігіне қатысатын барлық клубтарға QJL All Star командасының кеңейтілген тізімі жөнінде хат жолдаған. Бұл команда «Атлетико» жастарымен матчқа дайындалып, ойнау үшін жасақталды. Лига футболшыларды сақтандыру мен жарақат алған жағдайда олардың ем-дом шығынын толық өтеуге дайын екенін айтқан.

Кеңейтілген тізімге «Қайраттан» Төлеухан А., Қалиқұлов А., Мұсайыпов А., Буч Д., Смақов А. енгізілген. Алайда, клуб бас директоры Асқар Есимов қол қойған хатта бұл ойыншылардың «Қайрат» жаттығу процесіне және Бірінші лига ойындарына дайындықта екені, сондай-ақ Лигада «құрама» командаларға ойыншы шақырудың құқықтық негізі жоқ екені көрсетілген.

Freedom QJ League қалған барлық клубтардың өз ойыншыларын матчқа жіберуге келіскенін атап өтті. Соңғы құрам спорттық көрсеткіштер негізінде анықталған. Лига «Қайрат» шешімін құрметтейтінін мәлімдеп, 23 тамызда Алматыдағы «Хан Тәңірі» стадионында өтетін QJL All Star – «Атлетико» матчы алдындағы дайындықты жалғастырып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда «Атлетико Мадридтің» футбол академиясы ашылатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз