Баланың тілі шықпауына телефон емес, ата-ана кінәлі – психолог

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Дұрыс пайдаланса, гаджет баланың тілі ерте шығуына көмектесе алады екен / фото: shutterstock
Дұрыс пайдаланса, гаджет баланың тілі ерте шығуына көмектесе алады екен / фото: shutterstock

Баланың тілі шықпауына немесе сөздік қорының аздығына телефонның тікелей қатысы жоқ. Бұл – ата-аналардың кінәсі.

Психолог Серікгүл Сәлидің Kursiv.Media сауалдарына осылай жауап берді. Маманның айтуынша, қазір балалардың тілі кеш шығуына ықпал етіп отырған жайт – гаджеттер, смартфондар емес, ата-аналардың балаларына аз уақыт бөлуі.

Балаға ата-ана көңіл бөлмейтін болды

«Ата-аналар барлық жауапкершілікті телефонға аударып, баламен уақыт өткізгісі келмейді. Өсіп келе жатқан балаға уақыт жұмсамайды. Ойлары басқа жақта. Баламен әңгімелесіп, оған уақыт арнағанша, қолына телефон ұстата салуды жөн көреді», – дейді Серікгүл Сәли.  

Сондықтан, психологтың айтуынша, балаға әке-шешесінен гөрі телефон жақын болады. Бала телефоннан сөздері, мән-мағынасы бар роликтерді, мультфильмдер мен видеоларды көретін болса, бұл да баланың тілінің шығуына көмектеседі. Телефоннан естіген сөздерді қайталап, сөйлей бастады.

Сөзі жоқ, мағынасыз роликтерді көрсетпеу қажет

«Егер баланың көретіні сөйлемейтін, тек мағынасыз дыбыс шығаратын роликтер болса, баланың тілі шықпай қалады. Өйткені баланың тілінің шығуы – баламен тікелей сөйлесуге тура пропорционалды нәрсе», – дейді маман.  

Сондықтан ата-анасының баламен сөйлесуі және телефоннан сөздері бар роликтер, мультфильмдер көруі аса маңызды.

Серікгүл Сәлидің пікірінше, телефонның зияны да бар. Сондықтан жас баланың қолына күні бойы гаджет беріп қойып, уақыт бөлмеуге болмайды. «Баланың тілі шықпаса, бұл тек қана телефонның зияны деп қарамау қажет. Оны дұрыс пайдалана алмай отырған ата-аналардың жауапкершілігінің жоқтығы десек, қателеспейміз», – дейді психолог.

Смартфондар, керісінше, баланың дамуына үлес қоса алады

Маманның айтуынша, қазіргі ата-аналар баламен әңгімелескенде сөйлеу мәнеріне, дикциясына және эмоциясына мән беруі керек.  

«Ата-аналар тәрбиелеу деңгейін көтеру керек. Өсу болмаса, 1045 сылтау айтып, ата-аналар телефонды кінәлі деп есептеп отырады. Тікелей телефонның зияны жоқ. Өйткені телефон – жай ғана құрал.  Құралды дұрыс пайдалана алсаң, онда ол балаңды дамытуға, тәрбиелеуге үлес қосады. Дұрыс пайдалана алмаса, баланың санасын жаулап алатын жауың. Баланы сенен тартып алады», – дейді маман.

Телефонды балаға қалай бермеуге болады?

Концертті, іс-шараны телефоннан көрудің және барып көрудің адамға берер әсері екі басқа. Сондықтан балаға әсер ете алу қажет.

Қолына телефон бермеу үшін ата-ана балаға телефоннан да қызықты болуы шарт. Ата-ана балаға эмоция, сезім сыйлауы тиіс. Алдымен ата-ана өзінің қолындағы телефонын тастауы керек. Баламен бірге ойнау, уақыт өткізу, баламен диалог құру, балаға әңгіме айтып беру, кітап оқып беру – маңызды.

«Мәселен, тамақ істеп жүрсең де балаңмен сөйлес. «Мамаң тамақ жасап жатыр. Қазір дайын болады. Мынау Сәкөнайдың пышағы, кесесі, шанышқысы. Осы сөздерді қайталап айта қойшы», – деп, баламен диалог құр. Қуаныш, эмоция, сезімдеріңді білдір. Шынтуайтында, балаға телефонды қарағаннан анасымен сөйлескен әлдеқайда қызық», – дейді психолог.  

Бала ата-анасымен бірге болғысы келеді

Оның сөзіне қарағанда, бұл – ата-ананың білімді болуын, сөйлеу қабілетін талап ететін дүние.

«Бізде көп адамдар өзін тәрбиелеп жатқан жоқ. Баламен сөйлесу көп энергия алады. Сол себепті, баламен сөйлескеннен гөрі телефонды қолына беруді артық көреді. Телефонды балаға бермеу үшін балаға ата-ана қызықты болуы тиіс. Сол кезде бала телефонды емес, ата-анасымен уақыт өткізуді таңдайды», – дейді психолог.   

Мұның алдында логотерапияны мектептерге енгізу ұсынылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз