
Altel және Tele2 брендтеріне иелік ететін «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясына қатысты тексеру тоқтады. Алматы аппеляциялық соты SMS-хабарландыру қызметін негізсіз көтеруіне қатысты антимонополиялық тексеруді тоқтату керек деп шешті. Бұл туралы Сот кабинетінде жазылған.
Тергеуді тоқтатуға Қазақстан мен Катар арасындағы келісім себеп болған. Ол келісім бойынша 2026 жылға дейін биліктің «Мобайл Телеком-Сервис» ісіне араласып, тексеру жүргізе алмайды.
Келісім 2024 жылы 30 қазанда ресми түрде бекітілген еді. Оның аясында Қазақстан 2026 жылдың соңына дейін:
- компанияның коммерциялық және операциялық әрекетіне араласпайды
- тарифтік шектеулерге немесе байланыс сапасына қатысты тексерулер жүргізбейді
Ұялы байланыс операторларына қатысты тергеу осыдан екі жыл бұрын басталды. 2023 жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов «Kcell» АҚ (kcell/aktiv) және «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС, «Карт-Тел»ЖШС (Beeline) атты ұялы байланыс операторлары тариф бағасын негізсіз көтерді деген күдік барын айтқан. Оның сөзінше, егер тарифті негізсіз көтергені дәлелденсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Осы жылы мамырда ұялы байланыс операторларына қатысты жаңа тергеу басталды. Олар тағы да тариф бағасын тым жоғары көтеріп жіберді деген күдікке ілінді.