Қостанайда алаяқтар оқушылардың аккаунты арқылы 11 млн жымқырған

Қостанай облысында жасөспірімдер WhatsApp аккаунттарын алаяқтарға сатқан. Оны телефон алаяқтары пайдаланып, екі тұрғынның 11 млн 950 мың теңгесін жымқырған деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінен.
Тергеу деректеріне сүйенсек, жасөспірімдердің аккаунттарын алған күдіктілер жәбірленушілерге хабарласып, түрлі сылтаулармен SMS арқылы келген кодты айтуын сұраған.
«Бұл – классикалық алаяқтық сызбаның бірі: «Сізге код жіберілді, оны айтып жіберіңізші». Кодқа қол жеткізген соң, олар жәбірленушілердің банк шоттарынан қаражатты шешіп алған», – деп хабарлайды министрліктен.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жасөспірімдердің іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, олардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылмақ.
Алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді қолданады деп ескертеді полициядан. Олар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған аккаунт ашып, сеніміне кіріп, өзгелердің қаражатын жымқыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының интернеттегі әрекетіне назар аударып, «оңай табыстың» қауіпті болуы мүмкін екенін ескертіп отыруы керек.