Жаңалықтар

88 млн-ға коттедж бен көлік алған: «Даму бала» платформасында жемқорлық ісі анықталды

Шымкентте кәсіпкерлер «Даму бала» шартының өзгеруіне қарсы шықты
“Даму бала“ бағдарламасындағы қылмыстық схема әшкереленді / Фото: Shuttertsock

Қызылордада «Даму бала» бағдарламасына қатысқан кәсіпкерлерден 88 млн теңгеден астам қаржы жымқыру фактісі бойынша сот процесі аяқталды. Белгілі болғандай балалар спортын және шығармашылығын дамытуға арналған қаражат алаяқтардың қолына түскен.

 Қылмыстық схема қалай жұмыс істеді

 ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, қылмысты екі әйел бірігіп жүзеге асырған. Олардың бірі әкімдік жанындағы мониторингтік топ құрамында болған және қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, сыбайласымен бірге кәсіпкерлерге тексеріс нәтижелеріне «оң шешіп береміз» деген желеумен ақша бопсалаған.

 Ұрланған ақша қайда кетті

Сөйтіп олар 88 млн теңгеден астам ақшаны қалталарына басқан. Қомақты соманың бір бөлігіне олар коттедж бен автокөлік сатып алған. Сот бұл мүлікке тыйым салды.

«Сот үкімімен басты айыпталушы кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды. Оның сыбайласы 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ«, – деп хабарлады ҚМА.

Бұған дейін Шымкентте кәсіпкерлер «Даму бала» шартының өзгеруіне қарсы шыққан болатын. Олар жаңа ереже бекісе, мыңдаған бала үйірмеден шығып, кәсіпкерлер жұмысын жабуы мүмкін деп отыр.