«Наурыз» ипотекасын қаржыландыруға халықтың ақшасы тартылды

Жарияланды 14 Тамыз 2025 13:37

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Отбасы банк
Халықтың инвестициясы арқылы «Наурыз» ипотекасы қаржыландырылды / Фото: kursiv.media архиві

«Отбасы банк» облигацияларды сатып алу арқылы тек брокерлер мен компаниялар ғана емес, қатардағы азаматтар да инвестор атанғанын хабарлады. Осының арқасында банк «Наурыз» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыру үшін 102,7 млрд теңге тартты.

«Отбасы банк» Қазақстан қор биржасында (KASE) әлеуметтік облигациялардың екі шығарылымын сәтті орналастырғанын мәлімдеді. Сауда нәтижесінде кіріс қаражаты 18%-ды құраған. Облигациялар биржада бес жыл бойы айналымда болады, ал купондық төлемдер жылына екі рет жүргізіледі. Бір облигацияның номиналды құны – 1000 теңге.

«Отбасы банктің облигациялары әлеуметтік мәртебеге ие. Бұл облигациялар – жоғары кірістілік пен эмитенттің төмен тәуекелінің сирек үйлесімі, сондықтан инвестор ретінде жеке тұлғалардың саудаға қатысуы бізді қуантады. Одан бөлек, бұл қаражат сол күні-ақ клиенттерге жетті. Бүгіннің өзінде 12 заем берілді», – деп атап өтті Отбасы банктің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Банк өкілдері өз облигацияларын сатып алудың тиімді тұстарын атап өтті. Атап айтқанда, купондық табысқа салық салынбайды. Сонымен қатар банктің облигациялары репо МҚҮО (Эмитенттің мемлекеттік қатысу үлесі бар облигациялары) себетіне енгізіледі. Бұл облигациялардың өтімділігін қамтамасыз ететін маркет-мейкер, яғни арнайы компания болады деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік 13 тамызда, Отбасы банк «Наурыз» ипотекалық бағдарламасының қайта басталғанын хабарлады. Банк қызметкерлері бұған дейін өтінім берген әрбір клиентке хабарласып, несие рәсімдеу үшін бөлімшеге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыз